Жамбыл жаңалықтар
Әрбір іс-шараны есеп үшін емес жоғары деңгейде өткізілуіне басымдық берілуі тиіс
- авторjambylinfo.kz
- 19 қараша, 2021
- 163
Әрбір іс-шараны есеп үшін емес жоғары деңгейде өткізілуіне басымдық берілуі тиіс
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте халық санағының ұйымдастырылу қорытындысы мен желтоқсан айындағы мерекелерді ұйымдастыру және өткізу туралы мәселелер қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша облыстық статистика департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев баяндама жасады. Оның айтуынша, 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында халық санағының негізгі кезеңі өткізіліп, ол өз кезегінде Интернет-сауалнама және жаппай сауалнамаға бөлінген. Интернет-сауалнама 1 қыркүйектен басталып 15 қазанда аяқталуы тиіс болған, бірақ тұрғындарды толықтай қамту және респонденттерге ыңғайлы болуы үшін 8 қарашаға дейін ұзартылған. Онлайн санақтан мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында, немесе Egov порталындағы сайт сілтемесі арқылы, Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы өтуге мүмкіндік жасалған. Ал дәстүрлі жаппай тұрғындардың үйлерін аралау, планшетпен мәліметтерді жинау 1-30 қазан аралығында 2 кезеңнің интервьюерлерімен өткізілді. Оны жүргізуге 191 нұсқаушы-бақылаушы және 1291 интервьюерлер тартылған.
- Халық санағын ұйымдастыру, өткізу барысында облыстағы жоғары оқу орындарында және колледждерде білімалып жатқан Түркменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей және Қытайдан келген студенттерде санақтан өткізілді. Облыста барлығы 1100-ге жуық шетелдік студент санаққа тіркелді. Санақтың алдын ала деректері бойынша 30 қазанға Жамбыл облысы халқының саны 1,2 миллионнан астам адамды құрады, - деді департамент басшысы.Аймақ басшысы баяндамашыдан Мойынқұм ауданында ағымдағы жылдың 1 тамызында 31 990 адам көрсетілген болса, санақта ол 28 645 адамды құраған. Яғни, аудан тұрғындары 3345 адамға кеміп кеткен. Не есепте мұндай айырмашылықтың болғанын сұрады. Департамен басшысының айтуынша, кейбір өңірде табиғи өсімнің жоғарылауы байқалса, Мойынқұмда табиғи өсімнен бұрын халықтың басқа өңірге қоныс аударуы жиілей түскен. Осыдан келіп, халық санағында халық саны түсіп кеткен.
- Мойынқұм ауданында халық санағы жүргізу өте төмен деңгейде ұйымдастырылған. Аудан бойынша 3345 адам 1 тамыздағы берген халық санына жетпеген, бұл дегенің үлкен айырмашылық. Ақсүйек, Мирный, Мойынқұм, Ақбақай, Шығанақ, Мыңарал ауылдық округтер жұмыс өте төмен ұйымдастырылған, - деде Бердібек Машбекұлы.Бұл жағдайды аталған аудан басшылығы да дұрыстап түсіндіріп бере алмай, барлығын ішкі миграциялық қозғалысқа аударды. Бұдан бөлек, облыс әкімі департамент басшысынан «өңірде халық санағын ұйымдастыруда басқа қандай кемшіліктер бар? Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан жұмыстар дұрыс деңгейде ұйымдастырылған ба? Санақтың қорытындысы шамамен қай уақытта белгілі болады?», - деген сұрақтарын қойған еді. Бұл сұрақтарға жауап бере келіп, департамент басшысы санақтың алғашқы қорытындысы желтоқсан айында, жалпы қорытынды алдағы жылы жарияланатынын жеткізді. Бұдан кейін ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев баяндама жасап, желтоқсан ында ұйымдастырылатын іс-шара жоспарына тоқталып өткен болатын.
- Сіздің баяндамаңызды тыңдап отырсам, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылып облыста көзге көрінетіндей іс-шаралар өткізілмепті. Баяндамаңызда тек іс-шаралардың саны мен өткізу мерізімдерін көрсетіп, шектелгенсіз. Кеше ғана «Анаға тағзым» орталығында, оның алдында «Жомарт түлек» форумын республика деңгейінде ұйымдастырдық. Екі форумда жоғары деңгейде өткізілді. Неге осындай іс-шараларды білім басқармасымен бірлесе ұйымдастырмасқа. Ол республикалық деңгейде болмаса да облыстық деңгейде ұйымдастыруға болмайды ? – деді.Бердібек Машбекұлы бұл іс-шараға Жамбыл облысында 30 жыл ішінде облыстың дамуына үлес қосқан тұлғалардың жетістіктерін көрсететін 30 жылға – 30 тұлға, Тәуелсіздіктің тұғырын биіктеткен Жамбыл облысының негізгі оқиғаларына және Тәуелсіздік мерекесімен қатар туылған облыс жастары туралы шолу жасап, олардың жеткен жетістіктерін насихаттауды қосуды тапсырды. Сонымен қатар облыстың зиялы қауымын тарта отырып, әрбір іс-шараны есеп үшін емес жоғары деңгейде өткізілуіне басымдық берілуі тиіс екенін атап өтті. Бұдан бөлек, аймақ басшысы облыстық білім басқармасы басшысы Бейқұт Жаманкөзовтен оқушылармен өткізілетін желтоқсан айындағы мерекелердің қалай ұйымдастырылып жатқанын сұрап пысықтап алды. Сөйтіп оған да жоғарыда айтылған мәселелер бойынша меркелік іс-шараларды қайта қарап, ұсыныс енгізуді міндеттеді. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев кеңес қорытындысында ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік күнін ауқымды түрде мерекелеу мерейтойдың қорытынды кезеңі болуға тиіс екенін еске сала келіп, қала мен аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына аталған мерекелерді жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз