жексенбі, 24 қараша, 2024 19:06

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Құс шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Құс шаруашылығы қарқынды дамып келеді
ашық дереккөзі
Құс шаруашылығы қарқынды дамып келеді
Бүгінгі басты мәселелердің бірі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру және облыс тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешу. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ және Жамбыл аудандарына жұмыс сапары барысында да осы жайтқа назар аударды. Аймақ басшысы алдымен Байзақ ауданындағы Көктал ауылдық округіндегі «Алель Агро» АҚ-ның жұмысымен танысты. Жылдық қуаты 44 мың тоннаны құрайтын құс фабрикасының жұмысы бүгінде оң жолға қойылған. Қазіргі  таңда №12 құс фабрикасында (12 нысан) құрылыс  жұмыстары толық аяқталған. Ал №13 құс фабрикасының (12 нысан) құрылысы 95 пайызға аяқталып, жақын арада ашылмақ. Бұл округте тағы №14 фабрика салынып, онда 12 нысан бой көтеруде. Акционерлік қоғамның басшысы Бейбіт Жақсыбаевтың айтуынша, алғашқы №12 құс өсіру нысаны шілде  айында  іске қосылыпты. Бірінші  этапта 2 құс өсіру нысанына 30 мың балапан орналастырылған. Әкелінген балапандар «Arbor Acres» және «Aviagen кросы» тұқымдары. Екінші этапта   тағы 1 құс өсіру нысанына 30 мың балапан жіберіліпті. Барлығы 8 кезеңде, осы жылдың 7 тамызына дейін жалпы саны 300 мың балапан отырғызылған. Фабрика өнімнің 40 пайызын шет мемлекеттерге, соның ішінде Қытай, Қырғыз, Өзбекстан мен Тәжікстан мемлекеттеріне экспорттамақ. Ал қалған 60 пайыз өнім отандық нарыққа жолданбақ. Жұмысы жолға қойылған «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де ауыз толтырып айтарлық жетістік баршылық. Серіктестіктің аяқ алысы қуантады. Атап айтсақ, жылдық қуаты 4 мың тоннаны құрайтын құс фабрикасының қазіргі жағдайы туралы Фарида Жүнісова айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда фабрикада құс қалдықтарын тереңдетіп өңдейтін цех іске қосылып, онда сүйек ұнтағы өндірілуде. Оның қуаттылығы жылына  2,5 мың тоннаны құрайды.
– Ел үшін маңызды тауар саналатын әлеуметтік азық-түлік пен құс еті, содан кейін жұмыртқаны біз барынша бақылап, оның бағасының өсуіне ырық бермей ұстауға тырысудамыз. Баға нарығын тұрақтандыру үшін өнім көлемін арттыру қажет. Оған сіздердің қосып отырған үлестеріңіз де аз емес. Біздің бүгінгі мұнда келгендегі мақсатымыздың бірі осы, азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаны аз да болса тұрақтандыру, – деді облыс әкімі.
Кәсіпкерлер бүгінгі қымбатшылыққа байланысты кездескен кедергілерімен бөлісе отырып, жемге субсидия беру туралы ұсыныстарын айтты. Аймақ басшысының сапары Жамбыл ауданында жалғасын тапты.  Бердібек Сапарбаев аудандағы «АCA DAMU» ЖШС жұмыртқа өндірісінің  жұмысымен де танысып өтті. Фабрика директоры Үсен Құрманбековтың айтуынша, бұл корпустың құрылыс жұмысына мердігер 200 миллион теңге жұмсаған. Бүгінге дейін мұнда тәулігіне 144 мың жұмыртқа жиналса, алда 216 мың жұмыртқа жинау күтілуде. Жобамен бір күнде тауықтарды күтіп-баптауға 40 тонна жем-шөп кетеді екен. Бұдан кейін облыс әкімі «Fruіt linе» ЖШС қоймасында болды. Серіктестік директоры Көшкінбай Құлманбетов мұнда 1300 тонна алма сақталуға қойылғанын, оның Жамбыл, Жуалы мен Т.Рысқұлов аудандарынан жеткізілгенін тілге тиек етті. Облыс әкімі қойма қасындағы 18 гектарға орналастырылған шие бағын да көріп, кәсіпкерге қоймада сақталатын жеміс-көлемін арттыруды тапсырды. Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы Жалпақтөбе ауылында орналасқан «Шарипов» шаруа қожалығының көкөніс қоймасының жұмысымен де танысты. Қожалық жетекшісі Тимур Шариповтың айтуынша, қоймада 2,5 мың тонна пияз, 1,5 тонна сәбіз сақтаулы тұр. Шаруа биыл егіс алқаптарынан 630 тонна сәбіз, 7500 тонна пияз, 1200 тонна картоп, 8000 тонна қант қызылшасын жинапты. Қожалық бүгінгі таңда 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Келесі кезекте өңір басшысы Қызылқайнар ауылындағы ауылішілік жолдардың жағдайымен, ауыз су құбырын жүргізу, жаңа тұрғын үй алқабындағы инженерлік инфрақұрылым желісімен және дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. 40 орындық дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Орынкүл Мақмутова 2013 жылы пайдалануға берілген мекеменің қазіргі таңда апатты жағдайда тұрғанын айтты. Мекеме ішін аралап көрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев нысанды келер жылы күрделі жөндеуден өткізуді тапсырды. Дәрігерлік амбулаторияның алдында ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берген облыс әкімі алдағы жылы амбулаторияның жөнделетінін, жол ретке келтірілетінін және жаңа тұрғын алқаптан 222 тұрғынға жер телімі берілетінін айтып, халықты бірлікке, ынтымаққа шақырды.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар