Жамбыл жаңалықтар
"Сандельде" өскен шабақтар Балқашқа жөнелтілді
- авторjambylinfo.kz
- 29 қазан, 2020
- 217
"Сандельде" өскен шабақтар Балқашқа жөнелтілді
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев балық шаруашылығын дамытуға ерекше мән беруде. Сөзден іске көшу – келер жылдың еншісінде. Қазіргі таңда өңіріміздегі көл-тоғандардың санын, көлемін, жұмсалатын қаражаттың есебін, көлге жіберілген және жіберілетін шабақ немесе тауарлы балықтардың сиымдылығын анықтау, субсидия қарастыру сияқты жұмыстар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тарапынан жүргізілуде.
– Бұл іске біз қуанып отырмыз. Мүмкін, оның шапағаты бізге де тиіп қалар. Шабақ өсіруде тәжірибеміз мол болғанымен, кейбір кедергілер қолбайлау болып отырғаны жасырын емес. Сонда да маңдай терімізді төгіп, еліміздегі көл-тоғандарды, өзен-арналарды балықтандырып келеміз. Биылдың өзінде 2 миллионнан астам шабақ жібердік. Атап айтсақ, Ақмола облысындағы көлдерге 1 млн, Қарағанды облысындағы Балқаш көліне 355 мың, Жамбыл облысына қарасты Балқаш көліне 290 мың, облыстың ішкі көлдеріне 250 мың шабақ жөнелттік. Осы айдың соңына дейін мемлекеттік тапсырыс негізінде шабақтар алуға ниет білдіріп отырғандарға да жіберетін боламыз. Негізі, шабақтарды мемлекеттік тапсырыс негізінде басқа айдындарға жіберу күз мезгілінде жүзеге асатынын ескерсек, қазіргі таңда бізде нағыз науқан жүріп жатыр, – дейді «Сандель» шаруа қожалығының басшысы Дильмурат Хусейн-Ахунов пен шаруашылықтың ихтиолог-балықшысы Нұрлан Молдабаев.
Биыл облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы аймақтағы барлық су айдындарының сумен қамтамасыз етілуін зерделеп шықты. Олай етпесек, келешекте балық шаруашылығын дамыту қиынға соғады. Оның үстіне, табиғи су қоймаларында өсірілген балық аулау квотасын көтеруге қиындық туғызады. Сондықтан басқарма жеке тоғанда интенсивті балық өсіру шаруашылығын дамыту тәжірибесін қолға алған. Бұл әдістің ерекшелігі сол – кәсіпкер өзінің иелігіндегі жерге тоған салып балық өсіреді. Жем, шабақ, аналық балық сатып алу субсидияланады.
Бұл ретте, ауданымыздағы шабақ өсірумен айналысатын «Сандель» шаруа қожалығы мен Жасөркен ауылы аумағында тауарлы балық өсіретін жеке кәсіпкер Р.Сауранбаевтың жүйелі жұмысын одан әрі дамытуға субсидияның көмегі орасан зор болмақ. Мәселен, сандельдіктер еліміздегі өзен-көлдерді балықтандырып жүрсе, Сауранбаевтар өзінің жекеменшік жеріне тоған салып, жылына 30 тоннаға дейін балық өндіріп отыр. Біз кеше сандельдіктердің күзгі балықтандыру жұмысының осы жылғы соңғы шабақтарды жіберу сәтіне куә болып қайттық. Бұл күні шаруашылық шабақтарын Балқаш көліне жіберді.
Негізі, шабақ өсіретін негізгі тәлімбақ «Сандель» шаруа қожалығы екенін ескерсек, бұл тәлімбақ 10 мың шабақ өсіруге қауқарлы екен.
Дүйсенбек Орманов,
Жамбыл ауданы
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз