бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 1:04

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда «Жайлы мектептердің» құрылысы қалай жүріп жатыр

Жамбылда «Жайлы мектептердің» құрылысы қалай жүріп жатыр
Коллаж: Jambylinfo.kz
Жыл соңына дейін облыста мұндай 7 мектеп пайдалануға беріледі

Биыл Жамбыл облысында «Жайлы мектептер» ел игілігіне беріледі. Озық үлгідегі оқу ордаларының ең көбі Таразда салынып жатыр. Бұдан бөлек, Қордай, Байзақ аудандарында ұлттық жоба аясында жаңа форматтағы білім ұялары жаңа оқу жылында оқушыларға құшағын ашады, деп жазады Jambylinfo.kz

"Samruk-Kazyna Construction" АҚ баспасөз қызметінің берген  мәліметіне сүйенсек, жалпы Қазақстан бойынша 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 369 мектептің құрылысы жоспарланған. Осының арқасында 740 мыңға жуық жаңа оқушы орны ашылып, үшауысымды оқыту, оқушы орындарының тапшылығы және апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесі шешілмек. 

Мектептердің құрылысына жауапты бірыңғай дирекция ретіндегі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысы бойынша 208 нысан биыл қолданысқа беріледі. Жобаның жалпы бюджеті – 2,3 триллион теңге. Ең көп жайлы мектептер оқушы орындарының тапшылығы қатты сезілетін Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент қалаларында салынып, іске қосылады. Электронды платформада өткізілген ашық конкурстардың нәтижесінде ел бойынша жайлы мектептердің құрылысына жауапты 92 компания анықталды. Олар толық көлемде аванстық төлемдермен, эскроу шот арқылы материалдармен қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмыстары директивті кестеге сай жүріп жатыр. 

Жоспарға сәйкес биылғы жылы Жамбыл облысында жалпы 7 мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Заманауи талапқа сай білім ордасының бірі Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында салынып жатыр. Жоспар бойынша мектеп құрылысы 31 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Көпшілік күткен мектептің құрылысы тура 1 жыл бұрын басталды. Ауылдағы мектеп жасындағы балалардың санына байланысты 600 оқушыға есептелген. Мұнда аты айтып тұрғандай оқушының жайлы ортада білім алуына барлық жағдай қарастырылады. 

– Жалпы жайлы мектептер озық стем-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореографиялық зал, демалыс және коворкинг аймақтармен жабдықталады. Техникалық жарақтандыру үлесі қарапайым мектептермен салыстырғанда 4 есеге артады. Ал ауданы 15-20 пайызға кең болады,-дейді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның облыс бойынша өңірлік басшысы Қанат Мұратбеков. 

Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы платформа жұмыс істеуде. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылып отыр. Электронды жүйе құрылыстың барлық кезеңін ашық бақылауға мүмкіндік береді.

– 13 мамыр күні «Bitrix» кросс-платформасымен біріктірілген «Е-Qurylys» ақпараттық жүйесінде алғашқы электронды атқарылған жұмыстардың актісіне қол қойылды. Осылайша, біз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша құжат айналымын толықтай электрондық форматқа ауыстырдық.,-дейді Қанат Мұратбеков. 

Сарыкемер ауылындағы білім нысанының басым бөлігінде бетон құю жұмыстары аяқталып, мектептің қаңқасы тұрғызылған. Қазір ішін әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілерді тарту мен ауланы абаттандыру істері де қолға алынған.

Осы жылдың 1-ші қыркүйегіне 9 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Қалған мектептер желтоқсан айында халық игілігіне беріледі. Осылайша шаhардағы мектеп тапшылығы едәуір азаяды. Аталған мақсатқа жету үшін жайлы мектептердің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Аталған мектептердің құрылыс жұмыстарына беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылған. Яғни, бұл жобаға кеше ашылып, бүгін майлы жіліктің басын ұстап отыратын бір күндік фирмалар қатыса алмайды. Бір сөзбен айтқанда, мердігер компанияларға қойылатын талап та қатаң болып тұр. Мұндағы құрылыстың тізгінін бас мердігер 25 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар «Тараз құрылыс Дизайн» ЖШС ұстаған. 

– Қазіргі күні мұнда 145 адам жұмыс істеп жатыр. Ішкі әрлеу жұмыстары 80 пайызға орындалды.  Келесі айдың ортасына дейін жұмыс толықтай бітеді деп жоспарлап отырмыз. Қыркүйекке толық өткіземіз деп отырмыз,-дейді құрылыстың бас инженері Қайрат Таубалдиев.

Мамандардың айтуынша сейсмикалық жағдайға байланысты облыстағы мектептердің биіктігі 3 қабаттан аспайды.

   – Құрылыс басында 12 үлкенді-кішілі техника жүр. Материалдарын өздеріңіз көріп тұрсыздар, сыртта да іште де жиналып тұр. Сапасы өте жақсы. Жұмыс насынның барлық аумағында жүріп жатыр. Мен техникалық қадағалаушы болғандықтан, әрбір жасалған жұмыстың сапалылығын мұқият қадағалап жүрмін. Сапасы жаман емес, - дейді техникалық бақылаушы Қайрат Шаданов.

 «Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның облыс бойынша өңірлік басшысы Қанат Мұратбековтің  айтуынша, бастауыш сыныптар мен ересек сыныптардың кіріп-шығатын есігі жеке-жеке болады. 

Жобаның тағы бір айта кетерлік тұсы, оны жүзеге асыру барысында отандық тауар өндірушілерді қолдауға барынша көңіл бөлінген, яғни, жайлы мектептерге арналған жиһаз толық отандық тауар өндірушілерден сатып алынады. 

Айта кетейік, жоспар бойынша мектептер 15 желтоқсанға дейін тапсырылады. Ал Ұлттық жоба аясында келесі жылы Таразда және өзге де аудандарда тағы 5 жайлы мектеп бой көтереді деп жоспарланған. 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар