Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні: Түзеу мекемесінде тағылымды іс-шара өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 1 маусым, 2025
- 134

Бұл күн – ХХ ғасырдың басында орын алған саяси қуғын-сүргін мен қолдан жасалған ашаршылықтың қасіретін бастан өткерген миллиондаған құрбандарды еске алуға арналған. Ел жадында өшпестей із қалдырған бұл зұлмат жылдарда жазықсыз жапа шеккендерге тағзым ету – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы.
Осыған орай Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №58 мекемесінде жазасын өтеушілер арасында тағылымды іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шараның мақсаты – тоталитарлық режимнің құрбандарына құрмет көрсету, тарихтан сабақ алып, өткеннің өкінішін болашаққа сабақ ету.
Іс-шара барысында жазасын өтеушілерге саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарындағы тарихи деректер ұсынылып, бейнематериалдар көрсетілді. Сондай-ақ мекеме қызметкерлері мен кітапхана меңгерушілері қатысушыларға сол кезеңдегі тарихи ақтаңдақтар, жазықсыз атылған қайраткерлер мен аштықтың зардаптары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Тәрбие жұмыстары бөлімінің қызметкерлері бұл күннің мән-маңызына ерекше тоқталып, өткеннің қайғы-қасіретін ұмытпай, тарихи әділеттілікті орнатудың маңыздылығын атап өтті. Іс-шара соңында саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етілді.
Мұндай іс-шаралар жазасын өтеушілердің тарихи сана-сезімін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге бағытталғаны сөзсіз.