Шаңырақ күнінде жас жұбайлардың некесі қиылды
- авторМағжан Орынбасар
- 17 наурыз, 2025
- 129

Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында Шаңырақ күніне орай ерекше мерекелік шара өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылған іс-шара аясында шаңырақ көтерген Ерғазы Ділдабекұлы мен Дариға Өсерқызының некесі салтанатты түрде қиылып, оларға алғашқы отбасылық құжаттары табысталды. Жас жұбайларға Жамбыл облысы Әділет департаментінің басшысы Ермек Қорабаев ақжарма тілегін білдірді.
Сондай-ақ, азаматтық хал актілерін тіркеу саласында 13 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Дархан Ахметжанов үшін де бұл күн ерекше болды. Ол үшінші рет әке атанып, перзентінің алғашқы құжатын алды. Осыған орай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облыстық филиалының басшысы Мұхтар Әлімбетов оны арнайы марапаттады.
Отбасы құндылығын дәріптеген бұл шара жиналған қонақтар мен жас жанұялар үшін ұмытылмас сәтке айналды. Шаңырақтың шайқалмай, босағаның берік болуы әрбір жанұяның бақыты екені айтылды.