сенбі, 10 мамыр, 2025 5:14

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Шынның жүзі – Шераға» әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды

«Шынның жүзі – Шераға» әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды
Фото - Jambylinfo.kz
Байқауға облыс аймағынан 16–25 жас аралығындағы жас қаламгерлер өз шығармаларын ұсынды

«2025 – Әулиеата кітап оқитын өңір» жобасы аясында Ш. Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы ұйымдастырған «Шынның жүзі – Шераға» облыстық әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Қазақ әдебиетінің абызы, көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның шығармаларын насихаттауға арналған бұл байқауға облыс аймағынан 16–25 жас аралығындағы жас қаламгерлер өз шығармаларын ұсынып, бақтарын сынады. Ақпан–наурыз айларында жарияланған әдеби дода бүгін өз мәресіне жетті.

Әдеби байқау ережесіне сәйкес үміткерлер екі номинация бойынша бақ сынады. Бірінші номинацияда – Шерхан Мұртазаға арналған немесе оның шығармалары төңірегінде жазылған үздік мақала, эсселер ұсынылса, екінші номинацияда халық жазушысына арналған поэзиялық шығармалар қабылданды. Үміткерлердің туындыларына қазылар алқасы төрелік етіп, әділ бағасын берді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР құрметті журналисі Бекет Момынқұл, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің журналистика және филология кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Әліұлы Мұқашев, белгілі журналист, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, Ш. Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Асылжан Шәйділдаев, сондай-ақ осы орталықтың «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Мадияр Ералыұлы сынды әдебиет пен журналистика саласында кеңінен танымал азаматтар қазылық етті.

 «Шынның жүзі – Шераға» облыстық әдеби байқауына 50 жуық үміткер өз шығармалары мен еңбектерін ұсынды. Олардың жартысы – мектеп оқушылары мен студенттер болса, қалғандары әдебиет, өнер және білім салаларында еңбек етіп жүрген жас ұстаздар.

Қазылар алқасының шешімімен «Үздік мақала, эссе» номинациясы бойынша Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің аға тілшісі Нұрболат Аманбек үздік деп танылып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын Меркі ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы №20 мектептің 10-сынып оқушысы Ұлдана Махтабайға бұйырса, үшінші орынды Жамбыл ауданы, Ащыбұлақ ауылындағы Қ. Сартаев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Маржан Садубай жеңіп алды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. 

Сондай-ақ осы номинацияда белсенділік танытқан Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің 3 курс студенті Гүлназ Дәулетжан, Қ. Сартаев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Гүлдана Қожамжар және Облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Аяна Ким ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Екінші номинация, яғни поэзия жанры бойынша М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4 курс студенті Аят Бәтей топ жарып, бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Жуалы ауданынан  Даярбек Санжар, ал үшінші орынға Байзақ ауданы, Н. Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы  Жиенғали Айжан лайық деп танылды. 

Шығармашылығымен көзге түскен Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Орынбай Қазына, Құмжота ауылы, Ы. Алтынсарин атындағы мектептің оқушысы Алимбаева Аружан және Меркі ауданындағы №44 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғәлімі Мадияр Бекбергенұлы ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Айта кетейік, байқауға қатысқан ынталандыру сыйлықтарының иелері мен жеңімпаздардың жетекшілеріне арнайы алғыс хаттар мен жаңа кітаптар табыс етілді. 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар