Суицидтің алдын алу мақсатында жеке құрамға арнайы нұсқаулық жеткізілді
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 12:12
- 138
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты No 58 мекемесінде арнайы контингент арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында жеке құрамға арнайы нұсқаулық жеткізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл іс-шара мекеме психологтарының бастамасымен ұйымдастырылып, жеке құрамдағы барлық деңгейдегі қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыруға бағытталды. Сонымен қатар, сотталғандардың арасында суицидтік әрекеттерге бейім адамдарды уақтылы анықтап, тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі ерекше атап өтілді.
Мекеме психологтары суицидтің мәні мен оның алдын алу жолдарына ерекше назар аударды. Мамандардың айтуынша, суицид – бұл әлеуметтік және жеке дезадаптацияның ең соңғы сатысы. Ол көбінесе адамның ішкі жанжалдарынан туындап, шарықтау шегіне жеткенде ауыр шешімдер қабылдауға алып келеді. Дегенмен, мұндай жағдайды жанжал кезеңінен бастап, суицидтік ойлардың шарықтау шегіне дейін бұғаттау мүмкіндігі бар екені айтылды.
Жеке құрамға суицидтің алдын алу үшін психологтар тарапынан бірнеше нақты ұсыныстар берілді. Атап айтқанда, суицидтік әрекеттерге бейім сотталғандарды бақылау әдістері, олармен тиімді байланыс орнату, психологиялық көмек көрсету тәсілдері түсіндірілді. Сонымен қатар, қызметкерлерге осы санаттағы адамдардың эмоционалды жағдайын тұрақты түрде қадағалап, күдікті мінез-құлық байқалған жағдайда жедел әрекет ету керектігі ескертілді.
Бұл іс-шара мекемеде адам өміріне деген құрметті арттырып, суицидтің алдын алудағы кәсіби дайындық деңгейін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр. Мұндай жүйелі жұмыс сотталғандар арасында ғана емес, қызметкерлердің өздері арасында да психологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздейді.
No 58 мекеме инспектор психолог әділет аға лейтенанты Д.Е. Иманкулова