сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 23:24

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Талантты спортшыларды табуға тиіспіз

Талантты спортшыларды табуға тиіспіз
ашық дереккөзі
Талантты спортшыларды табуға тиіспіз
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жүйелі түрде спортпен айналысуына Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов және Шу аудандары соңғы уақытта көңіл бөлуді мүлде қойған. Тіпті, облыстық, республикалық дүбірлі додалар үшін өткен іріктеуге де немқұрайды қарап, спортшылар жібермеген. Тоқ етерін айтқанда, аталған аудандар талант іздеп бас қатырмайтын көрінеді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының былтырғы жылы салада атқарған жұмысын саралауға арналған алқа мәжілісінде айтылды. Жалпы өткен жылы өңірде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 32,2 пайызға өсіпті. Жер-жерлерде жаңадан спорттық кешендер бой көтеріп, көптеген спорт алаңшалары мен спорттың әр түрінен бірқатар үйірмелер ашылған. Бұқараның, әсіресе, жастардың спортпен айналысуына бар жағдай жасалудың арқасында түрлі додаларда жамбылдықтардың топ жарып, Токио олимпиадасына 3 лицензия ұтып алу секілді көптеген жетістіктерге қол жеткізілген. Бірақ өңірдің көрсеткіші күндердің күні кері кетуіне жоғарыда атап өткеніміздей кемшіліктер себеп болатынын ескерген де дұрыс. – Бүгінде облыс бойынша спортпен жүйелі түрде шұғылданатын дене мүмкіндігі шектеулі адамдардың жалпы саны 3 389 адамды құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 370 адамға өсті. Бұл дене мүмкіндігі шектеулі адамдарды спортқа тарту бойынша Байзақ, Меркі аудандары мен Тараз қаласында жүргізілген жұмыс нәтижесі. Қалған аудандар істі өз деңгейінде атқармай отыр. Бұдан бөлек, Мойынқұм, Шу аудандары мен Тараз қаласы әкімдіктерінің дене шынықтыру және спорт бөлімі жанынан бұқаралық-спорттық шараларды өткізу орталықтары әлі ашылған жоқ. 42 ауылдық округте спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар штаты қарастырылмаған. Ол ауылдық округтер Меркі, Мойынқұм, Шу аудандарына тиесілі, – деген облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков салада атқарылған жұмыстармен қатар алда атқарылуы тиіс шаруаларды, оның ішінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылатын спорттық іс-шараларға да тоқталды. Өз кезегінде Ержан Жұматұлы кемшілік жіберген аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары мен спорт бөлімінің басшылары және спорт мектептерінің директорларынан жауап алды. Басқа аудандар нәтиже көрсетіп жатқанда ол аудандардың пандемияны алға тартуы сылтау болмайтынын, бірнеше жылдан бері нәтиже көрсетпей келе жатқан спорт мектептері директорларының мәселесі қаралатынын айтты. Өңірде қай спорт түрін алса да әлеуетіміз төмендеп бара жатқанын, бұрын жүлде алған спортшылардың атағына малданып отыруға болмайтынын сөз ете отырып, жауаптыларға жаңа есімді, жаңа талантты ауыл-ауылдан іздеп жүріп табу, жергілікті жерде сақтық шараларын ұстана отырып спорттық сайыстар өткізу, көрші облыстарға жарысқа шығу секілді бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ерi, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Жақсылық Үшкемпiровті еске алуға арналған грек-рим күресінен өтетін республикалық турнирге елімізден, тіпті шетелден көзін көргендерді шақыра отырып, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруды, керек болса фильм түсіруді тапсырды. Бұдан бөлек ауылдық жерлерден демеушілердің күшімен скейтборд, воркаут, велосипед тебетін алаңшалар ашу жөнінде нақты тапсырма берді.   Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар