бейсенбі, 21 қараша, 2024 20:56

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Талас ауданында Нұржан Қадірәлінің «Сен жоқ жерде Тәңір жоқ» кітабының тұсауы кесілді

Талас ауданында Нұржан Қадірәлінің «Сен жоқ жерде Тәңір жоқ» кітабының тұсауы кесілді
Фото - Нұржан Қадірәлінің парақшасынан
Кітап былтыр облыс әкімінің тікелей қолдауымен жарық көрген

Талас ауданында Нұржан Қадірәлінің «Сен жоқ жерде Тәңір жоқ» кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Өлең өлкесіне өзіндік лебімен, өрнегімен келген ақын Нұржан Қадірәліні қара  сөзден хабары бар жанға таныстырып жатудың өзі артық. Жалынды жырлары арқылы өз дәуірінің талғампаз оқырмандары мен алдыңғы буын ағаларының  назарын бірден аударған жас ақын бүгінгі поэзия әлемінде өзінің есім-сойын  қалыптастырып үлгерді. Мектеп қабырғасында жүргенінде «Жылап келдім  өмірдің базарына» атты алғашқы жыр жинағы арқылы өлең өлкесіне аяқ басқан бозбала бірер жылдың көлемінде-ақ өзіндік үні бар дарын иесі екенін таныта білді. Бұл күнде жігіттік шақтан үшінші мүшел жасына қарай қадам басқан ақынның өлеңдері туралы уақытында қазақ әдебиетінің мүйізі қарағайдай талай-талай майталмандары пікір білдіріп, сәт-сапар тілегені бар. Шын мәнінде, шығармашылық адам үшін сөз зергері, көзі тірісінде «Қордайдың қоңыр құлжасы» атанған марқұм Несіпбек Дәутайұлы мен кентавр ақын Маралтай Райымбекұлы сынды ағалардың жылы пікірі мен сын-ескертпесін есту – үлкен мәртебе ғой. Бұл – жанам деген жүрекке шоқ беретін, қарым-қабілетіңді шыңдап, ел-жұрт күткен биік үдеден шығатын қозғаушы күш. Міне, Талас топырағында туған талант өз өлеңіндегі әдемі қайырымдар, поэзиялық кідірістер мен сезім дірілін сездірген сөздері арқылы үлкендердің көзіне түсті. Ақындықтың, поэзияның небір терең сырлары, нәзіктігі мен от жалыны, шуағы мен нөсері өлеңсүйер қауымның көкірек сарайында әрдайым сақталады десек, артық айтпаған болармыз.Бірер күн бұрын ақынның туған жері Қызыләуіт ауылында өткен «Әр өлеңі – бір әлем» атты кездесу кешінде біз осыны байқадық. «Оқитын ұлт жобасы» аясында ұйымдастырылған осынау шығармашылық кешке ақынның ұстаздары мен жерлестері көптеп келді. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Нұржан Қадірәлімен кездесуге асыққан бүлдіршіндердің қылығы көз сүйсінтті.

Бұл кешке отызында орда бұзған ақынның анасы Гауһар Жұмабекованың келуі басқосудың мән-маңызын арттыра түсті. Жамбыл облысының 85 жылдығына орай өткен кештің шымылдығы ақынның өмір жолы көрсетілген бейнешолудан басталды. Бұдан кейін, ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі, әнші Жамбыл Алимов «Өз елім», ауылдық Мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Жайдары Ахметова «Ауылым әнім» туындысын нақышына келтіріп, әуелете шырқады. Жалпы, кім-кімге де туған жер ыстық қой. Дегенмен, кіндік қаны тамған ауылына қамқор болып жүретін азаматтар сирек. Ал Нұржан ақын қашанда туған ауылының мұң-мұқтажын айтып, әлеуметтік өткір мәселелердің оңтайлы шешілуіне атсалысып келеді. Ол қат-қабат журналистік қызметінде аядай ауылдағы талай іске мұрындық болғанын ауылдастары да жақсы біледі. Сондықтан болар, туған еліне келіп, көңілден кетпестей кеш сыйлаған ақын ұлына бұл жолы да ауылдастары шынайы риза болды. Кеш барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Мұхтаров жыр әлемінің жүйрігіне сәттілік тіледі.

– Құт қонып, қасиет дарыған Қызыләуіт ауылынан халқымыздың мақтанышына айналған талай тұлғалар түлеп ұшты. Солардың бүгінгі жалғасы – талантты ақын Нұржан Қадірәлі. Бұл кештің ұйымдастырылуына атсалысқан барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Себебі, дәл осындай кездесулер арқылы өскелең ұрпақ жерлес ағаларының шығармашылығымен танысуға мүмкіндік алады. Нұржан жас болса да, поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасымен ойып тұрып орын алатын ерекше дарын иесі, – деген Нұржан Мұхтарұлы ағалық ізгі тілегін білдірді.

Мұнан соң , сөз алған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Шынар Жұмабекова еркіндікті аңсаған ақын жанына үңіліп, шығармашылығы турасында ойын жеткізді. Ол өз сөзінде ақын өлеңдерінде шынайылыққа суарылған шымыр  тіркестер жеткілікті екенін, бұл – қалың ел, талғампаз оқырман күтер – еңбектің жемісі саналатынына тоқталды. Рас, екі сағатқа жетпей өте шыққан шығармашылық кеш ел күткен үдеден шықты. Бастысы, әдемі кештің көрінісі көптің көңілінде қалды. Әсіресе, ақын өлеңдерін мектеп оқушыларының мәнерлеп оқуы – жиналғандарға ерекше әсер сыйлады. Бұл – кеш барысында жас ақынның өз өлеңдерін тықпалай бермей, сағынған ауылдастары мен ұлағатты ұстаздарымен емін-еркін сұхбаттассам деген ойынан туған идея секілді. Ә дегеннен Нұржан Қадірәлі:

Кінәләма, саған тәуір бақ берген,

Кінәләма, сендік ұлды хат терген.

Мен емес қой қала менен ауылды,

Еуропа мен Азиядай қақ бөлген.

Жалғай алған көк пен жердің арасын,

Құлап жатыр дауыл мінез ағашың.

Анау жерде анам күтіп тұратын,

Мектебінен қашып келген баласын.

Құсың қайда, менен биік самғайтын?

Көлің қайда топырағымыз қанбайтын?

Анау жерде әкем тұрған қайғырып,

Ұлын көрсе жымия сап, алдайтын.

... Маңдайына ертегісіз заманның,

Қалам жоқта қанмен жазар балаңмын.

Ал балалық шықпады алдан жүгіріп,

Шалдар қайда – пайғамбары даламның?

Тірі болса амандасу керек қой,

Өлі болса, амандығы бөлек қой...

Менің бала махаббатым қайда жүр,

Досым қайда, қоштаспаймыз деп ек қой?!

... Айдалада шаңырағы төріңнің,

Қай қалада босағаңнан жеңілдім?

Түбі мені топырағыңа қоспаса,

Ұяты білсін өмірдің, – дейтұғын «Ауыл-

нала...Ауыл-наз» өлеңін оқыды.

Ал, кеш соңында ақынның ұстазы Гүлжамал Үмбетова шәкіртінің бедел-бағасын мойындап, ізгі лебізін аямады. Оның пікірінше, Нұржанның осынау өлеңі – алыста жүріп, ауылын сағынған талай жастың жүрек түкпірінде жасырылған сезімінің көрінісі.

Мұнан соң, былтыр облыс әкімінің тікелей қолдауымен жарық көрген жас ақынның «Сен жоқ жерде Тәңір жоқ» кітабының тұсауы кесілді. Осылайша, жас талантқа жол сілтеп, оны туған елімен қайта қауыштырған әсерлі кеш түйінделді.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар