Тамақтан уланып қалмау үшін не істеу керек
- авторБақытжан Бекболат
- 22 шілде, 2025
- 517
Брифинг барысында департамент басшысының орынбасары Салтанат Қордабайқызы тамақтан улану мен аптап ыстықтың зардаптарынан сақтану жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
– Департамент мамандарының талдауы бойынша, жедел ішек инфекцияларының 78 пайызы үйде дайындалған тағамдармен және жеке гигиенаны сақтамаумен байланысты. Сондықтан әр адам өз денсаулығына жауапты болу керек. Тағамды сатып алғанда оның сыртқы түріне, иісіне, дәміне, жарамдылық мерзіміне мән берген дұрыс. Пісірілген тағамдарды тоңазытқышта 24 сағаттан артық сақтауға болмайды. Белгісіз адамдардан, рұқсатсыз сауда орындарынан, әсіресе үй жағдайында дайындалған сүт, ет өнімдерін сатып алуға болмайды. Тамақ әзірлегенде қолды жиі жуу, шикі және дайын өнімдерді бөлек өңдеу – маңызды сақтық шараларының бірі, – деді Салтанат Қордабайқызы.
Ол сонымен қатар тағамнан уланудың түрлеріне де тоқталды:
– Уланулар микробтық және микробтық емес болып екіге бөлінеді. Микробтық улануларға токсикалық инфекциялар мен токсикоздар жатады. Ал микробтық емес улануларға улы өсімдіктерден немесе белгілі бір жағдайда улы қасиетке ие болатын тағам өнімдерінен, сондай-ақ химиялық қоспалардан пайда болған уланулар кіреді. Мысалы, өскен картоп, шикі бұршақ, бүлінген консервілер немесе көгерген жемістер – адам ағзасына қауіпті, – деп түсіндірді ол.
Баспасөз жиынында аптап ыстық мәселесі де назардан тыс қалмады.
– Жазғы күннің қатты ысуы адам ағзасына айтарлықтай әсер етеді. Әсіресе балалар, қарттар, жүкті әйелдер мен жүрек-қан тамырлары ауруы бар азаматтар ыстыққа төзімсіз. Күн өтудің жеңіл, орташа және ауыр түрлері болады. Жеңіл түрінде бас ауырып, жүрек айниды, орташа жағдайда бас айналып, көз қарауытады, ал ауыр түрінде дене қызуы 41–42 градусқа дейін көтерілуі, сандырақтап, есінен тануы мүмкін. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін таңертең салқын душ қабылдауды, ашық түсті, жеңіл киім киюді, бас киімсіз шықпауды ұсынамыз. Сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін тікелей күн астында жүруден аулақ болу керек. Су көп ішу, кондиционерді шамадан тыс суытпау, көлеңке жерде жүру – қарапайым, бірақ өте маңызды кеңестер, – деді Салтанат Қордабайқызы.
Сонымен қатар, журналистер тарапынан: "Қазір жаз мезгілі. Балалар мен ересектердің суға шомылатын орындарға – бассейндерге баруы жиілеп тұр. Бұл нысандарда санитариялық талаптар қалай сақталуда?" деген сауал қойылды.
Бұл сұраққа жауап берген Салтанат Қордабайқызының айтуынша, департамент былтыр, яғни 2024 жылы жоспарлы түрде тек бір ғана бассейнді тексерген. Ал 2025 жылға арналған жоспарлы профилактикалық тексерулер қатарына бар болғаны төрт бассейн енгізілген
— Осы брифингке қатысқан сайын мен айтамын, біз бақылау органы болғандықтан, біздің барлық тексерулеріміз тек кәсіпкерлік кодексіне ғана бағытталады. Мәселен, бассейн суының сапасына келетін болсақ, ондағы хлордың мөлшері 1,2 миллиграмм болуы тиіс. Бұл көрсеткіш нақты белгіленген. Қазіргі таңда барлық жоспарлы тексерулер электрондық форматта қалыптасады. Яғни жүйеде қандай нысан көрсетілсе, біз тек соны ғана кәсіпкерлік кодексіне сәйкес барып тексереміз. Ал қандай да бір кемшіліктер анықталған жағдайда біз тек ұсыным ғана бере аламыз. Бұл кезде айыппұл салынбайды. Егер ұсыным орындалмаса, оны тексеруге барған кезде ғана айыппұл салуға құқымыз бар, — деді ол.
Салтанат Қордабайқызының айтуынша, бүгінгі күнге дейін бассейндерге қатысты департаментке ешқандай ресми шағым түспеген. Осы себепті жоспардан тыс тексеру де жүргізілмейді.
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025






