жексенбі, 22 желтоқсан, 2024 17:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тараз тұрғыны әкімді Астанадағы брифингіден кейін "ұстап алды". Ол нені талап етіп отыр?

Тараз тұрғыны әкімді Астанадағы брифингіден кейін "ұстап алды". Ол нені талап етіп отыр?
ашық дереккөзі
Тараз тұрғыны әкімді Астанадағы брифингіден кейін "ұстап алды". Ол нені талап етіп отыр?
36 жастағы көпбалалы әке Жанайдар Қарбаев Астанадағы "Қазмедиа" орталығына отбасымен келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап. Жанайдар Қарбаев әйелі және жеті баласымен бірге Таразда тұрады. Қаладағы базарда саудагер болып жұмыс істейді, бірақ көлік апатына түсіп, "басына қара бұлт үйірілген". Ол өзіне Тараз прокуратура қызметкерлері тарапынан қысым жасалып жатқанын, далада қалып қалу қаупі төніп тұрғанын айтып, жанайғайын жеткізді. Көлік апаты: Оның айтуынша, мәселенің бәрі жол-көлік оқиғасынан басталған. "2022 жылғы 13 шілдеде Тараздағы Жамбыл даңғылы мен Көшек батыр көшесінің қиылысында көлік апатына түстім. Мен BMW көлігінде отырдым. Бағдаршамның жасыл түсі жанып, енді қозғала бастағанда көлігіме Nissan Primera соғылды. Ондағы әйелдің қолы сынды. Сөйтіп, тергеу басталды", - деді ол. Тергеу 6 ай 24 күнге созылған. "Осы уақыт аралығында анам қайтыс болды. Істегі айғақтарға сәйкес, "мен кінәлі екенмін". Мұнда анықтаушылар (дознаватель) болды. Бірақ кейін көлік апатындағы сызбалар дұрыс емес екенін түсіндім. Алайда мен құжатты оқымай, оған қол қойдым. Осылайша, кінәлі болдым", - деді Жанайдар Қарбаев. Соттың шешімі: Айыпталушының пікірінше, тергеу де, сот та объективті болмаған. "Көлік апатында қолы сынған әйел мүгедек болып танылды. Оның қалай мүгедек болып қалғаны өзіме түсініксіз. Сот барысында әйелдің алған жарақаты "орташа" болады, бірақ ең соңында әйелдің алған жарақат "ауыр" деп танылып, менің ісім қылмыстық іске ауысты. Сөйтіп екі рет сот отырысы болып, мен жеңілдім. Соттың шешімен жәбірленушіге 6 миллион теңге төлеуге міндетті болдым", - деді ол. "Далада қалуымыз мүмкін" Жанайдар Карбаев бүгінде мәселе ушығып, жеті баласы баспанасыз қалуы мүмкін екенін айтып отыр. "Мен Отбасы банкінен "50/50" бағдарламасы арқылы Тараздан ипотекаға үй алдым. Баспананың жарты ақшасын банктің есепшотына салдым. Келісімшарт бойынша, бұл қаражат 3 жыл есепшотта болуы керек. 2024 жылғы ақпанда тура 3 жыл болады. Сол ақша ипотекалық қарызды жабуы керек болған. Биыл 18 қазанда менің рұқсатымсыз, бала-шағама "үй алып беремін" деп жинаған шамамен 7 миллион теңгені соттың шешімімен сот орындаушысы есепшоттан шешіп алған. Қазір бала-шағаммен далада қалуым мүмкін. Сондай қауіп бар. Отбасы банкі депозиттен алынған ақшаны 10 күнде қайтармасаңыз, үйді босатыңыз деп айтып жатыр", - деді көпбалалы әке. "Прокуратура қысым жасап жатыр" Қарбаев мәселесін айтып, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің жеке бақылдауына кірген, алайда одан нәтиже болмаған. Ал оның бұл әрекеті Тараздағы аға прокурор Данияр Құттыбаевқа ұнамай қалыпты. "Данияр Құттыбаевтың адамдары қысым көрсетіп жатыр. Олар "ақша бермедің" дейді. Үйіме өз адамдарын жібереді. Мәселемді айтып, халықтың назарын өзіме аударған соң, олар "Біздің ақша сұрағанымызды ешкімге айтпа. Жабулы қазан, сол күйінде қалсын. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке барма! Сен арызыңды қайтарып алсаң, біз сот орындаушысына телефон шалып, ақшаңды депозитке қайтарамыз" деп отыр. Ашығын айтсам, маған Тараз прокуратурасы тарапынан қысым жасалып жатыр. Нақты видео, аудио дәлелдер бар. Балаларымды қорқытады. Түнгі сағат 10-11-де үйге келеді", - деді ол. "Президеттен көмек сұраймын" 36 жастағы әке жеті баласын алып, 27 қарашада Астанаға келген. Осы уақытқа дейін отбасы Бас прокуратурада болған, Мәжіліс депутаты Гауһар Танашевамен кездескен. "Мұнда әділдік үшін келдім. Астанада жүргеніме тура 8 күн болды. Бұл – қымбат қала. Мұнда ешқандай танысым жоқ. Кішкентай балаларыммен осында жүру маған оңай емес. Тұңғышым 10 жаста, ал кенжем бір жасқа енді толды. Адал еңбегіммен тапқан дүнием қайтса екен деймін. Қазір Астанада үй жалдап, тұрып жатырмыз", - деді Жанайдар Қарбаев. Ол мемлекет басшысынан көмек сұрап отыр. "Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан әділдіктің орнауын сұраймын. Мемлекет басшысынан баспана, көлік сұрамаймын. Тек адал еңбегіммен тапқап үйімді өзіме қайтарса екен деймін. Кішкентай балаларым далада қалама деп қорқамын", - деді ол. Осы кезде онымен кездесуге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев келді, бірақ ол тек уәде берумен шектелді. "Сіз сотқа шағымдануыңыз керек. Ертең Таразға ораламын. Сот және прокуратура өкілдерін шақырып, қайта ақылдасамын. Сіздің проблемаңыз есімде. Менің жеке қабылдауымда болып, бәрін айтқансыз. Ертең өңірге барып, бұл мәселені қайта қараймын", - деді өңір басшысы. "Таразда әділдік жоқ" Жанайдар Карбаевтың әйелі Мөлдір Парпиева өңірдегі шенеуніктердің уәдесіне сенбейтінін айтты. "Біз Тараздан әділдікті таппадық. Облыс әкімінің қабылдауында болғанбыз. Таразда әділдік жоқ. Енді Астанаға келіп тұрмыз", - деді ол. Енді көпбалалы отбасының бар үміті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас прокурор Берік Асыловта. Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/96192/
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар