Таразда ауыл тұрғындарына арналған құқықтық сауаттылық тренингі өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 1 шілде, 2025
- 236
Таразда «Оңтүстік Қазақстанда азаматтық белсенділік пен құқық қорғауды ынталандыру» жобасы аясында алғашқы оқыту тренингі өткізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тренингке әртүрлі әлеуметтік санаттағы азаматтар: бюджеттік сала өкілдері, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, жастар, көпбалалы аналар, кәсіпкерлер және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері қатысты.
Жоба аясында Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы ауыл тұрғындарының құқықтық мәдениетін дамыту көзделіп отыр. Арнайы әзірленген қазақ тіліндегі оқу модульдері арқылы 600 азаматтың құқықтық сауаттылығы артады. Сонымен бірге жоба аясында 200 тегін заңгерлік кеңес беру, құқықтық тақырыптағы медиа-контентті онлайн платформаларда жариялау арқылы 5 000-нан астам тұрғынды ақпаратпен қамту жоспарланған.
Тренингте адам құқықтары жөніндегі сарапшылар, заңгерлер, азаматтық белсенділер және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері интерактивті сессиялар өткізіп, нақты практикалық ақпаратпен бөлісті.
Жоба үйлестірушісі – Балжан Абдуллаева, «Phoenix» Адам құқықтары жөніндегі қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Жоба жергілікті деңгейде құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтық қатысуды арттыру бағытында жүзеге асырылуда.