Жамбыл жаңалықтар
Таразда бала қауіпсіздігіне негізделген жаңа жоба іске қосылды
- авторjambylinfo.kz
- 21 мамыр, 2021
- 276
Таразда бала қауіпсіздігіне негізделген жаңа жоба іске қосылды
Тараз қаласындағы №53 мектеп-гимназиясына алғашқы пилоттық жоба ретінде қауіпсіздік құрылғылары орнатылды. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев аталған мектепке арнайы барып, қондырғының жұмыс істеу процесін көрді.
Дамыған мемлекеттерде іске қосылған қауіпсіздік жүйесі өңірлер арасында алғашқылардың бірі болып, Таразда іске қосылып отыр. Цифрлық технолигиялар басқармасының басшысы Архат Байқазақов баланың мектепке барып-қайтуын қадағалайтын бұл жаңа жоба ата-ана мен оқушы үшін өте тиімді болатынын жеткізді. Оқушының қоғамдық көлікпен жүруге арналған арнайы «Tulpar сard» картасына бірнеше жүйе біріктірілген. Мәселен бала үйден шығып, автобусқа мініп, картасын арнайы валидаторға басқаннан кейін бірден анасына немесе әкесіне автобусқа мінгендігі туралы хабарлама келіп түседі. Онда бала қай автобусқа мінгендігі, ол көліктің нөмірі көрсетіледі, жүйе жалғаса береді. Мәселен бала мектепке келгеннен кейін арнайы орнатылған турникеттерде «Tulpar сard» компаниясымен интеграция жасалған, яғни деректер базасы біріктірілген. Ал мектеп ғимаратының кіреберісіндегі турникет арқылы оқушы бетінің биометриялық параметрімен және картамен де кіре алады.
«Tulpar» мен «Balapey» компаниялары біріктіріліп, мектеп асханасына арнайы жүйеменжабдықталған. Бұл жүйе арқылы бала өзіне керекті тамақ мәзірін таңдап, «Tulpar» картасы арқылы төлейді. Мәзірді таңдауына ата-аналардың да араласуына болады. Мұның тағы бір тиімділігі – осылайша, баланың денсаулығына жақпайтын тамақтар алмауын, қанша ақша жұмсады, бәрін бақылап отыруға мүмкіндік бар. Ең бастысы баланың қалтасына ақша салып жүрмеуінің өзі қауіпсіздікті барынша арттыратыны сөзсіз.
Аталған процестердің барлығын бала қалай жасағанын – ата-анасы смартфонына келген SMS хабарламалар арқылы көріп, бақылап отыра алады. Мұның бәрі әзірше телеграмм бот арқылы жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта арнайы қосымшасы іске қосылып, мектептердегі камералар цифрлық жүйеге ауысады.
– Орнатылған жүйелерде барлық системамен, яғни полиция, төтенше жағдай, білім басқармалары және тағы да басқа мүдделі органдармен интеграция болуы керек. Ең алдымен бұл жүйе Тараз қаласындағы мектептерде іске қосылады. Содан кейін аудан орталығындағы білім ошақтары да қамтылады. Әрбір мектепте электронды дабыл қоңырауын қоюды ойластырыңдар. Оқушыларды, мұғалімдерді, қызметкерлерді жазғы демалыс кезінде осы жүйеге оқыту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мұны толығымен жүзеге асыруға тиіспіз, - деген облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына жүйенің тиімділігі мен жұмсалатын қаржы көлемін нақты есептеуді міндеттеді.
Алдағы уақытта Тараз қаласындағы 10 мектепке осы жүйе орнатылатын болады. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев өзіне міндеттеме алған компания өкілдеріне атқаратын жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды қатаң ескертті.
Мектептегі барлық камералар облыстық полиция департаментінде орнатылған арнайы «Мерген» интелектуалды автоматтандырылған жүйесіне қосылған. Барлығы онлайн жүйеде бақылауда болмақ.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз