жұма, 12 желтоқсан, 2025 18:37

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Таразда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Фото - Алтынбек Қартабай
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысты

Облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының ұйымдастыруымен «Достық» үйінде «Өркениеттер тоғысындағы Талас: тарих, таным, тағылым» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Отандық және шетелдік тарихшы-ғалымдар, археологтар, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, студенттер қатысқан конференцияның мақсаты – Талас өңірінің дүниежүзілік өркениеттегі орнын айқындау, өңір тарихымен байланысты ірі тарихи оқиғаларды ғылыми тұрғыда зерделеу және Түркі әлемі үшін маңызы зор мәдени-рухани мұраларды жаңаша пайымдау.

Жиынды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты  Дархан Қыдырәлі ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде сан ғасырлық тарихтан сыр шертетін Тараз қаласы әлемдік өркениеттердің өрістеуіне өзіндік үлесін қосқан ежелгі шаһар екенін айтты.

– Көне түркінің алтын бесігі сонау Алтай, рухани орталығы қасиетті Түркістан болса, ал Тараз тарихи орталығы болды.  Себебі дәл осы жерде дүниенің төрткүл керуендері тоғысты. Әлемнің көпестері де, елшілері мен саяхатшылары да табан тіреді. Ең маңыздысы түркі өркениетіне ықпал еткен тарихи оқиғаларда осы Таразбен тікелей байланысты. Мәселен, түркілер мен арабтардың бірігіп Таң династиясының басқыншылығына қарсы болған соғыс дәл осы жерде өткен. Бұл тарихта  «Атлах шайқасы» деген атаумен белгілі. Осы оқиғадан кейін Ұлы даламызда ислам мәдениетінің бесігі тербелгенін тарихи деректер айғақтайды, – деді Дархан Қуандықұлы.

Іс-шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов  көне Тараз шаһарының тарихы туралы кеңінен тоқталды.

Айта кету керек, биыл 6 мамырдан облыстың Жамбыл  ауданына қарасты Бесағаш ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай бес шақырым жерде орналасқан, VI-XII ғасырларға тән көне «Бесағаш» елді мекенінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары басталған болатын. Аумағы 500 гектарды құрайтын бұл ескі қалашық орнында зерттеу жұмыстарын «Мәдени мұра» ғылыми-зерттеу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің білікті археологтары, PhD докторлары Сағымбай Мұрғабаев пен Мэлс Бақтыбаев жетекшілігімен жүргізуде.

Осы жылдың шілдесінде облыс әкімдігінің қолдауымен мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» жұмыс жоспары бойынша «Мәдени мұраны зерттеу және сақтау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақ хандығының туы тігілген өңірге мақсатты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Жобаның ғылыми-жетекшісі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және антропология ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов; ортағасырлық Қойшыман қалашығында тікелей қазбаға Қазақстан Республикасының ҒЖБМ Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Талеев қатысып, зерттеу жүргізген.

Қазақстандық жетекші ғалымдар, археологтар мен тарихшылардың Қазақ хандығының шаңырағы алғаш көтерілген қасиетті мекенді кешенді түрде зерттеуге бағытталған жұмыстары қазақ мемлекеттілігінің түп-тамырын тереңірек танып-білуге, сондай-ақ ұлттық тарихтағы маңызды кезеңдерді ғылыми негізде қайта зерделеуге мүмкіндік береді.

Жиын барысында Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының Орталық Азияны зерттеу жөніндегі кеңесші (IRCICA), тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Муминов «Место Тараза в интеллектуальной истории ислама» тақырыбында мазмұнды баяндама оқыды.

Сонымен қатар халықаралық Түркі академиясының бас сарапшысы Нұрдин Усеев «Талас жазба ескерткіштері: ерекшеліктері және этникалық идентификациясы» туралы сыр шертті.

«Ортағасырлық Бесағаш елді мекенінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысы» төңірегінде Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Мэлс Бақтыбаев әңгімеледі.

«Көне түркі және ортағасырлық теңге айналымы» тақырыбында Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Сағымбай Мұрғабаев сөз қозғады.

«Шу өңірінің Қазақ хандығына қатысты аңыздары мен археологиялық ескерткіштері» туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Археология және антропология ғылыми қызметкері, тарих ылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов баяндады.

Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Талеев «2025 жылы ортағасырлық Қойшыман және Шәрі қалаларында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері» туралы кеңінен ой қозғады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, академик тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев «Қазақ хандығының құрылуының тарихи маңызы» туралы әңгімеледі.

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова «Түркі тарихының жәдігері – Қазақ хандығының құрылуы туралы, ал Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Асқар Абдуалы «XIV-XVI ғасырлардағы Тараз: Тарих-и Рашиди» атты баяндамасында көне шаһар тарихына жаңа қырынан шолу жасады.

Жиын соңында қарар қабылданып, конференция жұмысы қорытындыланды.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар