Таразда «Күй анасы – Дина» атты дөңгелек үстел өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 13:45
- 24
Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қазақтың ұлы күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Күй анасы – Дина» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Дина Нұрпейісова 1861 жылы қазіргі Атырау облысы аумағында дүниеге келген. Домбыра өнеріне деген дарыны ерте танылып, тоғыз жасынан бастап күй тарта бастаған. Оның өнер жолының қалыптасуына қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы ерекше ықпал етіп, Дина ұстазының дәстүрін жалғастырып қана қоймай, күй өнерін жаңа көркемдік деңгейге көтере білді. Ол қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіби әйел күйші-композитор ретінде ұлттық мәдениетте өшпес із қалдырды.
Дина Нұрпейісованың шығармалары халықтың тағдырын, заман тынысын, адам жан дүниесінің терең қатпарларын күй тілімен бейнелеуімен ерекшеленеді. «Әсем қоңыр», «Науаи», «Тойбастар», «Бұлбұл», «Байжұма», «Адай» сынды күйлері қазақ күй өнерінің алтын қорына еніп, ұлттық рухани қазынаға айналды. Оның күйлерінен қуаныш пен мұң, үміт пен арман, елдік пен еркіндік идеясы айқын сезіледі.
Дина Нұрпейісова ХХ ғасырдың күрделі кезеңдерін бастан өткерсе де, күй өнерін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізе білді. 1937 жылы Алматыға шақырылып, бүкіл республикаға кеңінен танылды. 1944 жылы оған «Қазақстанның халық әртісі» атағы беріліп, еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды.
Дөңгелек үстел аясында «Күй анасы – Дина» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, күйші-композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар оның өмір жолы мен өнерін арқау еткен деректі фильм көрсетілді.
Кеш барысында дәстүрлі күйлер орындалып, «Адай», «Тойбастар», «Әсем қоңыр», «Науаи», «8 Март» сияқты шығармалар көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар – Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің домбыра аспабы оқытушысы Төрехан Көрпебаев, музыкалық білім беру кафедрасының меңгерушісі әрі «Шабыт» үйірмесінің жетекшісі Гүлзада Жұмашева және осы оқу орнының «Домбыра» кафедрасының оқытушысы Асель Дайрабаева Дина Нұрпейісованың өнерінің тарихи маңызы мен мәдени құндылығы туралы ой бөлісті.
Дөңгелек үстел барысында Дина Нұрпейісованың күйлері – халық тағдыры мен адам жан дүниесінің айнасы екені ерекше атап өтіліп, оның шығармалары қазақтың ұлттық музыкалық мұрасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің берік негізі болып қала беретіні жөнінде тұжырым жасалды.






