сенбі, 23 қараша, 2024 1:00

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда әлеуметтік дүкендердің саны артады

Таразда әлеуметтік дүкендердің саны артады
ашық дереккөзі
Таразда әлеуметтік дүкендердің саны артады
Нарық бағамын ұстап тұру бүгінде өте қиын. Әсіресе халықтың сұранысына ие азық-түлік тауарларының бағасы күнде жүз құбылатыны белгілі. Дейтұрғанмен өңірімізде әлеуметтік дүкендер мен сауда орталықтарындағы тұрақтандыру қорының тауарлары нарық бағасынан 10-25 пайыз төмен бағамен өткерілуде. Бұған облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев бастаған жұмыс тобымен әлеуметтік дүңгіршектер мен сауда орталықтарын аралау барысында көзіміз жете түсті. Тараз қаласында әлеуметтік дүңгіршектердің саны – 10. Соның бірі Абай көшесінің бойында орналасқан. Дүңгіршекте халыққа қажетті азық-түліктің барлық түрі бар. Сөрелерге тұрақтандыру қорының тауарлары да қойылған. Мұнда бағаның біршама жүйелі екенін алушылар да айтуда. Мәселен, дүңгершекте Повладардың картобы 110, ал жуалының ақ картобы 70, әлеуметтік нан 55 теңге болса, күріштің бір килосы – 240, қарақұмық – 250, құмшекер – 190, пияз – 55, сүттің литрі – 160, тауық еті – 750, жұмыртқа 230 теңгеден өткерілуде. Дүкен сатушысы Лола Ибрагимова «Күннің суытуына байланысты халықтың нанға деген сұранысы артып отыр. Мүмкін болса бізге әкелетін әлеуметтік нанды көбейте түссеңіздер екен. Ал дүкенге келіп азық-түлік алатындардың басым бөлігін зейнеткерлер құрайды» дейді ол. Әлеуметтік дүңгіршектегі азық-түлік бағасымен танысып шыққан Берік Нығмашев қасындағы «SMART» сауда орталығына кіріп, екі дүкеннің бағаларын салыстырды. Мұнда да арнайы сөре жасақталып, төбесіне жұрттың көзіне бірден түсетіндей етіп «Жамбыл облысы әкімдігінің тұрақтандыру қорының тауарлары» деген жазу орналастырылған. Ондағы бағалар белгіленген бағадан аспаған. Ал өзге азық-түлік бағаларында жоғарылау байқалады. Атап айтсақ, мұнда пісте майы 436 теңгенің орнына 490, картоп – 130, пияз – 70, сәбіз 120 теңгеден сатылуда. Дүкендегі барлық тауардың бағасымен танысып, шекті бағамен салыстырып шыққан облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев сауда орталығындағы бағаның біршама жоғарылап кеткенін айтып, тиісті басқарма басшыларына баға бағамымен ретке келтіруді тапсырды. Ал сауда орталығының бақылаушысы Светлана Кандиева бағаның өздерінде жоғары екенін жоққа шығармады. «Қасымызда коммуналдық дүкен тұр. Арзан азық-түлік іздегендер сонда барып алады. Ал біздегі бағаның көтерілуіне тасымалдаушылар себеп болуда. Егер бізге азық-түлікті төмен бағамен әкелетін болса, біз бағаны төмендетуге қарсы емеспіз», - дейді. Бұдан кейін жұмыс тобы №6 шағын аудандағы әлеуметтік дүңгіршекте болды. Бір атап өтерлігі, мұндағы азық-түлік бағасы дүкеннің сыртындағы ілмеге ілініп қойылған. Алушы да көп. - Дүкеннің іші аздап тар демесең, бізге осы жерен өзімізге қажетті азық-түлікті күнделікті келіп алған ұнайды. Біз сияқты зейнеткерлерге ыңғайлы. Біздің сұрайтынымыз осы жерде мал еті де сатылса. Алдағы уақытта дүкенді кеңейту жағы қарастырылса, - дейді қала тұрғыны Райса Бегалиева. Тараз қаласында әлеуметтік дүңгіршектердің санын арттыру облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың да тапсырмасы болатын. Осы жұмысты қолға алып, қала ішінен 11 осындай дүкен салуға жеке кәсіпкер Потос Талипов ниет білдіріпті. «Маған орын тауып берсеңіздер қаланың әр тұсынан осындай дүкендер салып, сіздердің «Алқаптан сөреге» жобаларыңыздың жүзеге асуына өз үлесімді қосар едім» дейді. Тіпті кәсіпкер кейбір әлеуметтік дүңгіршектердің қасынан жер берсе, оны кеңейтуге де ынталы болып отыр. Көгеріштендіруге де атсалысуға ынталы. Бір тал кессе орнына он жас көшет отырғызып, дүкен айналасын көріктендірер едім дейді. Нарық бағасын төмендету үшін тұрақтандыру қорымен тұрақты жұмыс істеуге дайын. Қазір Төле би көшесінің бойындағы Керімбай атындағы мектептің қасынан осындай дүкен салу жұмысын бастап кетіпті. - Ең басты міндет әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын бақылау. Ол үшін арнайы топ құрылған. Сауда орталықтарында тұрақтандыру қорының тауарларын орналастыру жолға қойылған. Енді қаладағы әлеуметтік дүңгіршектердің санын көбейту бойынша жұмыс істеудеміз. Сонымен қатар азық-түлік сапасына да қарайтын боламыз. Дүңгершектер салу жұмыстары басталып кетті. Әлеуметтік азық-түлік бағасын өсірмеу дүкен басшыларына ескертілді. Егер олар оны сақтамайтын болса тиісті шаралар қабылданатын болады, - дейді облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев. Марат ҚҰЛИБАЕВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар