жұма, 5 желтоқсан, 2025 12:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда «Ұлылардың ұлысы – Абай» атты поэзиялық кеш өтті

Таразда «Ұлылардың ұлысы – Абай» атты поэзиялық кеш өтті
Фото - ашық дереккөз
Бұл кеш ұлы ойшылдың мәңгілік мұрасына құрмет көрсету, оның даналыққа толы сөздері мен адамгершілікке негізделген ілімін насихаттауға арналды.

 Халқының рухани әлеміне жарық шашқан кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлына арналған «Ұлылардың ұлысы – Абай» атты поэзиялық кеш ұйымдастырылды.

Абай Құнанбайұлы – тек қазақ әдебиетінің ғана емес, жалпы ұлттық болмыстың шамшырағы. Ол – ел санасын жаңа деңгейге көтерген, білім мен парасаттылықты ту еткен ғұлама. Кеш барысында жүргізуші ақынның шығармашылығына тоқталып, көрерменге оның адамгершілік, руханият және парасаттылық жайлы ойларын жеткізді.

Іс-шара барысында Абайдың көпшілік біле бермейтін 28 әні, 2 күйі және 1 желдірмесі бар екені айтылды. Әсіресе, сирек орындалатын «Өзгеге көңілім тоярсың», «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Таңыры қосқан жар едің сен» әндерінің мәдени құндылығы ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар, Абайдың әкесі - қоғам қайраткері Құнанбай Өскенбайұлы туралы тың деректер ұсынылды. Оның Меккеде қазақтарға арнайы қонақ үй салдырғаны, Ресей билігі тарапынан қауіпті деп танылғаны және 20-дан астам ұрпағына сапалы тәрбие мен білім бергені – Құнанбайдың көрегендігі мен қайраткерлік тұлғасын айқын көрсетеді.

Кеште «Ақберен» және «Қаратау» үйірмелерінің мүшелері Сұлтанхан Айша мен Есмамбетова Нұрай Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыса, Сұлтанхан Даниал «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін тебірене жеткізді. Әлішов Мансұр «Сегіз аяқ» әнін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Сондай-ақ ҚР Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің жауынгерлері – Амангелді Рауан мен Ысқақ Ерік Абайдың «Ескендір» поэмасынан үзінді оқып, арнау өлеңдерімен кеш мазмұнын тереңдете түсті.

Кеш соңында жүргізуші Абай шығармаларының бүгінгі ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтіп, оның мұрасы – адамзаттық құндылықтарды ұлықтайтын мәңгілік рухани қазына екенін ерекше айтты.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар