Таразда «Мамандық таңдау – маңызды қадам» атты мамандықтар жәрмеңкесі өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 30 мамыр, 2025
- 340

Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы мәдениет және демалыс саябағында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының» ұйымдастыруымен «Мамандық таңдау – маңызды қадам» атты мамандықтар жәрмеңкесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аталған шара өңір жастарының кәсіби бағдарын қалыптастыруға, болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Жәрмеңке аясында Жамбыл облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары өздерінің оқу бағдарламаларын, білім беру жүйесінің ерекшеліктерін, оқу мерзімі мен талаптарын, сонымен қатар, бітіруші түлектерге ұсынылатын жұмыс мүмкіндіктерін кеңінен таныстырды.
Келушілер оқу орындарының стендтерімен танысып қана қоймай, түрлі интерактивті сессияларға, шеберлік сағаттарына, кәсіптік сынамаларға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл шара мектеп оқушыларына өздерін қызықтыратын салалармен жақынырақ танысуға, кәсіби біліктілікті талап ететін мамандықтар туралы нақты мәлімет алуға зор мүмкіндік берді.
Қатысушылар арасында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының өкілдері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, тәжірибелі ұстаздар, студенттер мен мектеп бітіруші түлектер болды. Олар өзара пікір алмасып, кәсіби бағдар беру бағытындағы маңызды мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, студенттер мен колледж түлектері өз оқу орындарының артықшылықтары мен оқу барысындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай жәрмеңкелердің маңыздылығын атап өтіп, оларды тұрақты түрде өткізудің жастар арасында мамандық таңдауға қатысты саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.
Жәрмеңке нәтижесінде қатысушылар "мамандық таңдау – жай ғана оқу орнын таңдау емес, бұл – болашақ өмірлік жолды, қоғамдағы өз орныңды анықтау" екенін терең ұғынды. Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың өз әлеуетін толық танып-білуіне, болашаққа сеніммен қадам басуына үлкен серпін беретіні сөзсіз.