жұма, 16 мамыр, 2025 0:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда облыстық жыршылар байқауы өтті

Таразда облыстық жыршылар байқауы өтті
Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі
Жамбыл облысының түкпір-түкпірінен келген 14 өнерпаз жыршы осы байқауда бақ сынады

Таразда дәстүрлі өнерді дәріптейтін айрықша мәдени шара – “Аталардан қалған сөз” атты облыстық жыршылар байқауы өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Мәдени шараны ашқан облыстық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков жыршылар байқауының мән-маңызын атап өтіп, дәл осы бағытта көптеген жұмыс атқарылатынын жеткізді.

Байқау барысында қатысушылар эпостық жырларды, тарихи дастандарды, термелерді нақышына келтіре орындап, қазақтың асыл мұрасының баға жетпес құндылығын көрермендерге ұсынды.

Жыршылардың өнерін тәжірибелі өнер майталмандары мен саланың үздіктері бағалады. Байқау қазылар алқасының құрамында Қазақстанның мәдениет саласына зор үлес қосқан әнші-термеші, Мәдениет саласының үздігі Маралбек Бабақұлов, дәстүрлі әнші, Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашова және Мәдениет саласының үздігі, Жамбыл ауданының құрметті азаматы Айтмұханбет Исақов болды. Олар әрбір қатысушының өнеріне әділ баға беріп, жеңімпаздарды анықтады.

Нәтижесінде, І орын тараздық Ернар Орынбасарға бұйырды. Ал ІІ орынды Жамбыл ауданынан қатысқан Жақсылық Қалтешов жеңіп алды. ІІІ орынды тараздық Рүстем Малдыбаев пен Рауан Әбілқасов  өзара бөлісті. Сонымен қатар, арнайы номинациямен тараздық Мерей Абуева мен Нұрлыбек Құрманов марапатталды. Қалған барлық қатысушылар алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Бұл байқау қазақ халқының асыл мұрасы – сөз өнерін сақтап, келешек ұрпаққа аманаттаудың маңызды қадамы екені сөзсіз. Ұлттық өнерді ұлықтаған осындай шаралар мәдениетіміздің дамуына зор үлес қосатыны анық.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар