Облыс орталығында «Туған жерім - дархан далам» атты Қордай ауданының күндері өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жоба аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Тараздықтармен бірге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қордайлықтардың тыныс-тіршілігі, мәдениетімен танысты.
«Баласағұн» концерт залында аудандық тарихи музейдің экспонаттарынан және есімі елге әйгілі қордайлық суретшілерінің көрмесі әзірленді. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар қолөнершілердің өнеріне баға беріп, Қордай ауданының этномәдени бірлестік өкілдері ұсынған концерттік бағдарламасының куәсі болды.
Мәдени шара аясында Қордай ауданынан шыққан танымал әншілер, музыканттар, аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен ауқымды концерттік бағдарлама мен театрландырылған қойылымды көпшілік назарына ұсынды.
Сонымен қатар Тараз төрінде ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда қордайлық кәсіпкерлер экологиялық таза өнімдерін қолжетімді бағамен саудалады. Бұл күні спорт сүйер қауым да назардан тыс қалмады. Алаңдағы тоғыз құмалақ, асық ату, аударыспақ, теңге ілу сынды ұлттық ойын түрлерінен арнайы спорттық шаралар өтті.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз