Таразда сарбаз ант қабылдау рәсімінде сүйіктісіне ұсыныс жасады
- авторБақытжан Бекболат
- 25 мамыр, 2025
- 663

5-ші механикаландырылған бригада сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімінде күтпеген жағдай орын алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бауыржан Момышұлы атындағы 5-ші механикаландырылған бригада сарбаздарының Тараз қаласындағы Жеңіс саябағында өткен әскери ант беру салтанаты тек дәстүрлі рәсімдермен ғана емес, сонымен қатар бір сарбаздың жеке өміріндегі маңызды қадамға барған әсерлі сәтімен есте қалды.
Қызылорда өңірінің тумасы, мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Ерзат Балтабай ант қабылдағаннан кейін, әскери этикетке сай, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ибраевқа сүйіктісіне ұсыныс жасауға рұқсат сұрап жүгінді. Рұқсат алған соң, ол сүйіктісін алаңның ортасына шақырып, сап түзеген әріптестерінің, туған-туыстары мен салтанатқа қатысқан қонақтардың көзінше оған сезімін білдіріп, өмірлік жары болуға ұсыныс жасады.
Сүйіктісі Нұрбақыт қуанышын жасыра алмай: «Иә!» деп жауап берді. Ол оны жақсы көретінін және әскерден оралуын асыға күтетінін айтты.
Осы күні жалпы саны 245 сарбаз әскери ант қабылдады. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ибраевтың айтуынша, ант беру рәсімінің Бауыржан Момышұлы ескерткішінің жанында өтуі – ерекше мағынаға ие: бригада аты аңызға айналған қолбасшының есімін иеленген, және жас сарбаздар оның туын абыроймен алып жүруге ант берді. Сонымен қатар, ашық форматтағы шара туған-туыстарға, қала тұрғындары мен Тараз қонақтарына бұл маңызды сәттің куәсі болуға мүмкіндік берді.