Таразда тағы бір «жас сақшы» полиция сыныбы ашылды
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 15:22
- 1
Бүгін Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейде әскери-патриоттық бағыттағы «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Салтанатты шараға №3 мектеп-лицей директоры Райкулов Маулен Райкулұлы және Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Қосжанов Жанібек Жамалбекұлы қатысты.
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті «Жас сақшы» сыныбының ашылуына қолдау көрсетіп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, құқықтық сана қалыптастыру және болашақта елге адал қызмет ететін азамат тәрбиелеу бағытындағы игі бастамаға серіктестік танытты.
Шара барысында жас сақшылар салтанатты түрде ант қабылдап, саптық дайындықтарын көрсетті. Патриоттық әндер шырқалып, Бауыржан Момышұлының ерлігі мен өсиетке толы нақыл сөздері кеңінен насихатталды. Әсіресе, «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген ұлағатты сөз кештің рухани өзегіне айналды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында оқушыларға әскери қызметтің маңызы түсіндіріліп, ел қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы екені ерекше атап өтілді. Қонақтар жас сақшыларға ақжарма тілектерін арнап, олардың болашақта елжанды, білімді әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасатынына сенім білдірді.
«Жас сақшы» сыныбы тек тәртіп пен патриоттық тәрбиемен ғана емес, білім, өнер, ғылым және спорт салаларындағы жоғары жетістіктерімен де ерекшеленіп келеді. Сынып оқушылары облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадаларда топ жарып, ғылыми жобаларда, шығармашылық және эссе байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл – жас сақшылардың жан-жақты дамыған, білімді әрі рухы мықты ұрпақ екенін айқын дәлелдейді.
«Жас сақшы» сыныбы – ел болашағына бейжай қарамайтын, намысты, рухты, тәртіпті жас буынды тәрбиелеуге арналған жаңа белес. Бүгін ант қабылдаған жас өрендер – ертеңгі ел қорғаны, Тәуелсіз Қазақстанның сенімді тірегі.





