жексенбі, 22 маусым, 2025 14:29

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда «Тыңда, дала - Жамбылды» атты республикалық байқауы өтті

Таразда «Тыңда, дала - Жамбылды» атты республикалық байқауы өтті
Фото - ашық дереккөз
Байқау – қазақ әдебиеті мен өнерін ұлықтаудың, ел бірлігі мен ұлттар арасындағы достықтың жарқын үлгісіне айналды.

Таразда  Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен «Тыңда, дала -  Жамбылды!» атты республикалық байқау өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Байқаудың басты мақсаты – этнос өкілдері арасында Жамбыл шығармаларын кеңінен насихаттап, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби зерттеу мақалаларын қолдау. Бұл – тек өнер сайысы ғана емес, сан ұлтты қазақ еліндегі рухани сабақтастықты, өзара құрмет пен мәдени көптүрлілікті дәріптейтін маңызды бастама.

Шараның салтанатты ашылу рәсімі Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының орынбасары Сара Мәдиева Қабылбекқызы қатысушыларға жүрекжарды тілегін жеткізді. Жамбыл мұрасын насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, этносаралық рухани байланыстарды нығайтатын мұндай шаралардың қажеттілігін атап өтті.

ҚР Мәдениет саласының үздігі, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Алтынкүл Қасымбекова, халықаралық және республикалық өнер байқауларының лауреаты, күйші Дидар Басығараев және Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, Мерей Әбуева байқау қатысушыларының өнерін әділ бағалап, үздіктерді анықтауда кәсіби шеберлік танытты.

Байқау екі бағыт бойынша өтті. Бірінші бағытта этнос өкілдері қазақ тілінде Жамбыл Жабаевтың шығармаларын көркемсөз түрінде жатқа оқып, халық әндерін орындады. Түркістан мен Жамбыл облыстарынан келген қатысушылар – Айдаралиева Анель, Рашидова Асли, Жаппарова Дияна, Искадеров Нурсултан, Бекташова Дилмира, Алеханова Мухаббат, Абдусаматова Нозима, Баранецкая Нелли және Третьяков Владислав – өздерінің тілге деген құрметін, ақын жырларына деген сүйіспеншілігін зор шабытпен жеткізді. Олардың әрқайсысы сахна төрінде ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктерін паш етіп, қазақ тіліндегі шығармаларды шебер оқи білді.

Бірнеше сағатқа созылған шығармашылық додада көркем сөз бен әуезді ән, ұлттық нақыш пен рухани мазмұн терең ұштасып, көрермендерге шынайы өнер мерекесін сыйлады. Екінші кезеңде қатысушылар халық әндерін орындап, ұлттық музыка мұрасына деген ықыластарын көрсетті.

Байқау соңында қазылар алқасы өз шешімін жариялап, жеңімпаздарды марапаттау сәті өтті. Бас жүлде - Тараз қаласының қатысушысы Алеханова Мухаббат Бахытовна, І орын - Түркістан қаласынан Жаппарова Дияна, ІІ орын – Жамбыл ауданы, Айшабибі ауылдық округінен Айдаралиева Анель, ІІІ орын Түркістан қаласынан келген Бекташова Дилмираға бұйырды. Ал қалған қатысушылар алғыс хатпен марапатталды

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар