Тараздағы ірі сауда орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 17:55
- 55
Облыс әкімдігінің ақпараттық және қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Скиф Трейд» сауда орталығында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткізіліп отырған бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне «Сәуле» кондитерлік зауыты, «FIRKAN», «Тәтті себет» сауда дүкендері мен «Qazaq oil», «Helios» жауапкершілігі жектеулі серіктестігі, ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімі секілді 72 жұмыс беруші мекемеден, 136 бос жұмыс орындары ұсынылды.
– Бүгінгі іс-шара жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету үшін ұйымдастырылып отыр. Облыс көлемінде 19 бен 35 жас аралығындағы 355 мыңға жуық жас бар. Оларды қоғамның белсенді азаматтарының қатарына қосу – мемлекеттік маңызы бар саяси бағыттардың бірі. Әулиеата жастары осы жәрмеңкеде бос жұмыс орындары, құқықтық сауаттылық және тағы басқа өздерін толғандырған сауалдар төңірегінде жауап таба алады. Әр адам өз мүмкіндігін жүйелі пайдалану арқылы жетістікке жетеді. Бұл бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жастар іс-шара. Өткен жылы бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерінде 2 461 жұмыс беруші мекеме қатысып, 7 993 бос жұмыс орындары ұсынылды. Жәрмеңкеге 7 515 жастар қатысты. Оның ішінде уақытша бос жүрген (NEET) жастар – 1 556, пробация қызметі есебінде тұрған – 438 жас. Жәрмеңке қорытындысымен 156 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға, 18 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 249 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 367 жас тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Сонымен қатар 991 жас консультациялық кеңестер алды, – деді Е.Қоңырбай.
Жәрмеңкеге келушілерге Тараз қаласы бойынша «Мансап орталық» филиалының мамандар Әлеуметтік Кодексіне және Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес кеңестер берді. Мамандар жастарға жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен таныстырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар турасында хабардар етті.
Жәрмеңкеге қызығушылық танытқан жастар, ұсынылған мүмкіндіктен шет қалмады. Тіпті мемлекет тарапынан жасалып жатқан шараға келіп, баласына лайықты қызмет іздеген ата-аналар да болды. Мұнда келушілердің арасында студент жастар да аз болмады. Солардың бірі – Сағынбай Нұртілеу. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде 4 курста білім алатын жігіт «Мансап» орталығы мамандарынан бітіруші түлектерді жұмыспен қамтуда қандай бағдарламалары барын сұрап-білді.
– Жоғары оқу орындарының түлектері бос жұмыс орындары үшін талас-тартысқа түседі. Сондықтан бос жұмыс орындары туралы мәліметті басқалардан бұрын білу маңызды. Бір мезгілде бірнеше жұмыс берушімен әңгімелесу өте ыңғайлы. Сонымен қатар интернеттегі немесе еңбек биржа-сындағы хабарландырулардан айырмашылығы – мұнда жұмыс берушімен бетпе-бет кездесіп, толғандырған сұрақты қоюға болады. Ал жүзбе-жүз әңгімелескен кезде міндетті түрде көп ақпарат аласыз. Әрі «Мансап» орталығы мамандары бізге жастарға арналған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы туралы мәліметтермен бөлісті, – деді студент С.Нұртілеу.
Жәрмеңке қортындысымен қаладағы 30-40-қа жуық жас жұмысқа орналасуға ұсынып алып, «Отбасы банк» акционерлік қоғамы мамандарының баспаналы болудың оңай жолдары, депозит ашу бойынша кеңесіне қанықты.