сәрсенбі, 28 қаңтар, 2026 16:55

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

Таразда Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған еске алу кеші өтті
Фото: Jambylinfo.kz
Көрмеге келген оқырмандар Жамбылдың жырлары арқылы қазақ тарихымен, мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай М. Әуезов атындағы кітапханада Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығымен бірлесіп «Жыр алыбы – Жамбыл» атты мерейгер портрет ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер мен ойлар тыңдармандарға ұсынылды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров және Ш. Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастырушысы Гүлгаухар Бүркітбаева ақынның шығармашылығының мәні мен тарихи маңызы туралы өз ойларымен бөлісті. Сонымен қатар Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының өнерпаздары Жамбыл Жабаевтың жырларын орындап, айтысынан үзінділер көрсетті.

Жамбыл Жабаевтың жас ұрпаққа қалдырған аманатын Жамбыл қазақ драма театрының актері, Мәдениет саласының үздігі Абу Құрмантайұлы Шонбаев жеткізді. Іс-шара аясында «Дәуірдің дара тұлғасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақынның шығармалары мен өмірбаянына библиографиялық шолу жасалды. 

Жамбыл Жабаев 1846 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Шу өңірінде дүниеге келген. Ол қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халық ақыны, айтыстың шебері ретінде танымал болды. Жамбыл Жабаев өзінің шығармалары арқылы халық өмірін, елдің қуанышы мен мұңын, әлеуметтік мәселелерін шынайы бейнеледі. Оның поэзиясы патриоттық рухқа, әділдік пен бірлікке шақырады, ұрпаққа өнеге болып келеді. Жамбыл Жабаевтың жырлары ғасырлар бойы оқылып, сахнада орындалып, қазақ поэзиясының асыл қазынасына айналды.

Іс-шара соңында қатысушылар ақынның шығармалары жастардың патриоттық сезімін оятатынын, ұлттық мәдени мұраны сақтауға үлес қосатынын атап өтті. Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы қазақ әдебиеті мен өнеріндегі орны ерекше екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, оның мұрасы ұрпаққа рухани азық болып, елдің мәдени дамуына өз үлесін қосатыны айтылды.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар