Таразда жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған спорттық турнир өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 13 маусым, 2025
- 173

Жамбыл облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесіп, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық турнир ұйымдастырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жарыс барысында қатысушылар өздерінің жоғары деңгейдегі ойын техникасын, стратегиялық ойлау қабілетін және мықты командалық әрекетті көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды «Баймаш ата» командасы, 2-орынды «Тараз-Ғасыр» колледжі, 3-орынды Тараз политехникалық колледжі иеленді. Сонымен қатар, жеке номинациялар бойынша үздік ойыншы атағы Әділет Оңалбековке, үздік қақпашы Кенесары Қайратұлына, үздік қорғаушы Еділ Алтынбекке берілді. Барлық жүлдегерлер мен үздік ойыншылар грамоталармен, медальдармен, кубоктармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Жарыс аясында жастарды салауатты өмір салтына бейімдеу, спорт арқылы жағымды әлеуметтік орта қалыптастыру, күш пен ептілік сияқты маңызды қасиеттерді дамыту, сондай-ақ тұрақты өмірлік құндылықтарға бағдар беру мәселелері де көтерілді.
Мұндай турнирлер – жай ғана спорттық жарыс емес. Бұл жастарды сергектік пен денсаулыққа бастайтын, дұрыс таңдау жасауға бағыттайтын маңызды құрал. Біз алдағы уақытта да осындай шараларды жиі өткізуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков.