Таразда жоғары білімнің өзекті мәселелері талқыланды
- авторБақытжан Бекболат
- 30 сәуір, 2025
- 291
Ауқымды іс-шараға елдегі жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, министрлік өкілдері және білім саласының сарапшылары қатысты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиынды ҚР ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшанов ашып, жоғары білім жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Ал, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек зум платформасы арқылы қатысып, жоғары білім саласындағы ұлттық стратегиялар мен трансформациялар жайлы баяндама жасады.
Жиналыс барысында бірнеше өзекті тақырыптар көтерілді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері – Гүлжан Жарасова мен Фатима Жақыпова – ұлттық біліктілік жүйесі мен жоғары оқу орындарының рейтингіне қатысты тың ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар, "Атамекен" ҰКП-ның Жамбыл облысы бойынша директоры Еркін Атымтай жоғары білім мен еңбек нарығы арасындағы байланысты нығайту қажеттігін атап өтті.
Кофе-брейктен кейінгі бөлімде Astana IT University ректоры Асқар Хикметов жасанды интеллект пен STEM бағыттарының білім берудегі маңызын көтерді.
Әрі қарай, сөз алған Шерхан Мұртаза атындағы ХТУ ректоры Махметғали Сарыбеков аграрлық білім мен ғылымды дамыту мәселелерін көтерді.
Сондай-ақ инженерлік кадрларды даярлау, білім мен нақты экономиканы біріктіру, университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері сөз болды. Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің президенті Рихсибай Мамедов ҚИнЭУ тәжірибесімен бөлісті.
Жиын соңында қатысушылар еркін микрофон форматында пікір алмасып, жалпы жиналыстың резолюциясын қабылдады. Іс-шарада білім беру саласындағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, нақты ұсыныстар мен шешімдер ұсынылды.