жексенбі, 24 қараша, 2024 7:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тараздық 4 оқытушы республикалық байқау жеңімпазы атанды

Тараздық 4 оқытушы республикалық байқау жеңімпазы атанды
ашық дереккөзі
Тараздық 4 оқытушы республикалық байқау жеңімпазы атанды

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4 қызметкері «ЖОО ҮЗДІК ОҚЫТУШЫСЫ – 2020» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.

Айта кетейік, еліміздің 48 жоғары оқу орнынан бұл атаққа 150 оқытушы ие болды. Жалпы конкурсқа республиканың 73 жоғары оқу орнынан 623 үміткер қатысқан болатын.

Аталмыш байқаудан жеңімпаз атанған оқытушыларды Дулати Университетінің ректоры м.а. Ержан Әмірбекұлы арнайы құттықтап, оқытушылардың жылдық жоспарлары жайлы әңгіме қозғап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу бағытындағы еңбектеріне сәттілік тіледі.

2020 жылдың үздігі атанған университетіміздің оқытушылары: Экономика және құқық факультеті, Азаматтық құқық және процесс кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Зәуреш Әбдікәрімова, Технологиялық факультет, Тамақ өнімдері мен қайта өңдеу өндірісі технологиясы және биотехнология кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты Айжан Мынбаева, Экономика және құқық факультеті, Менеджмент кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Еріккүл Байтіленова және Ұстаз институты, орыс тілі және әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Абдрахман білім бәйгесінің жеңімпаздары атанды.

Бұл жылы үміткерлердің жұмысы сапалық және сандық 2 блоктан тұратын көрсеткіштер бойынша бағаланды. I блок – оқыту сапасы, II блок – ғылыми-зерттеу қызметі. Сондай-ақ, биыл алғаш рет конкурсқа қатысуға өтінім беру, құжаттарды тексеру рәсімі, апелляция  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы онлайн режимде жүргізілді.

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2020» мемлекеттік грантын иеленген жеңімпаздар алдағы уақытта жылдық жоспарға сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, шет мемлекеттерде тағылымдамадан өтіп, шетелдік ғылыми рейтингтік  журналдарда өз мақалаларын жариялайтын болады.

Былтырғы жылдың көрсеткіштеріне тоқталар болсақ ТарМУ бойынша 8 оқытушы, Ұстаз институтынан 4 оқытушы ЖОО-ның үздігі атанған болатын. Биыл конкурс талаптарының күшеюіне байланысты көрсеткіш өзгеріп отыр. Жеңімпаздарды құттықтау жиынында «ЖОО үздік оқытушысы» атағы «Еңбек ері» атағымен бірдей дәрежеде дер едім. Себебі ғылымда үздіксіз еңбек еткен ғалымның қоғамға берері көп, еңбегі де өлшеусіз» деп баға берген Ержан Әмірбекұлы үздік оқытушыларды шетелде біліктілігін жоғарылатуға, тәжірибе алмасуға шақырды.

Мемлекеттік грант жеңімпазының бірі Айжан Мынбаева үздік атану оңайға түспегенін, осы жолда үлкен еңбек жатқанын жеткізді. – Алғаш рет бұл конкурсқа құжаттарымды 2012 жылы тапсырдым. Өкінішке орай университетішілік турдан өтпей қалдым. Осы жолы жолым болып жеңімпаз атандым. Бұл байқау әр оқытушы үшін маңызды. Әрі үлкен жетістік. Оқытушының біліктілігі де, тәжірибесі де осы кезде сыналмақ. Үздіктердің үздігі ғана жүзден жүйрік шығады, - дейді Айжан  Бердәліқызы.

Ал келесі үздік атанған оқытушы Зәуреш Әбдікәрімова бұл байқаудан екінші рет жеңімпаз атанып отыр. Алғаш рет 2009 жылы бұл атаққа лайық деп танылған. Айтпақшы, «ЖОО үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпазы тек он жылдан кейін ғана қайта қатыса алады.

Еріккүл Байтіленова бұған дейін жеті рет өтініш білдіріп, тек осы жолы ғана жеңіске жету бақыты бұйырғанын айтады:  – «Жеңіске  жеткенімді естіген сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізе алмаспын. Алдағы уақытта Чехия еліне тәжірибе алмасу мақсатында баруды жоспарлап отырмын. Ол елде  докторанттарды қалай даярлайтынын, ғылыми журналдарда мақала жариялауда ерекшеліктерін біліп қайту ойымда бар»,- деген Еріккүл Серікханқызы  бүгінгі күні экономика саласында студенттер үшін қазақ және орыс тілдерінде кітап жазып жатқанын жеткізді.

Республикалық конкурстың тағы бір жеңімпазы Гүлнар Абдрахман бұған дейін 2007 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» атағын иеленген болатын.

Екінші мәрте үздік атанған Гүлнар Қабылқалымқызы бұл байқау оқытушының оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу қызметіндегі кәсібилігін растайтынын айтады.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар