жұма, 8 мамыр, 2026 16:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тараздықтар ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетті

Тараздықтар ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетті
Фото: Юрий Ким
Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіске 81 жыл толып отыр. Бұл — ерлік пен елдік рухты ұлықтайтын, бейбіт өмірдің қадірін терең сезіндіретін ерекше мереке. Сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен ардагерлердің жанқиярлығы мен қайсарлығы кейінгі ұрпақ үшін әрдайым өнеге болып қала береді.

Осыған орай Тараз қаласында Жеңіс күніне арналған тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жыл сайынғы дәстүрге сай қала тұрғындары мен әскери қызметкерлер майдангерлердің шаңырағына арнайы барып, ақжарма тілектерін жеткізді.

Мерекелік шара барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі майдан жылдарындағы әндерді орындап, ерекше көңіл-күй сыйлады. Әуенге толы әсерлі сәттер майдангерлердің ғана емес, жиналған жұртшылықтың да көңілін толқытты. Сонымен қатар Тараз әскери гарнизонының сарбаздары сап түзеп, әскери шеру ұйымдастырды.

Іс-шара аясында майдангерлер Шалданбай Шанбаев, Геннадий Иванов және Иван Макеевқа Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, әскери авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың құттықтау хаты табысталды. Құттықтау хатта ардагерлердің Отан алдындағы ерен еңбегі мен өшпес ерлігіне шынайы ризашылық білдіріп, олардың батырлық жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі екені атап өтілген.

Ал, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақытжан Саламатұлы қарт жауынгерлерге Отан қорғау жолындағы ерлігі үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі. 

– Бүгін біз Ұлы Отан соғысына қатысқан үш ардагерімізді құттықтап келіп жатырмыз. Әкімшілікпен бірге көптеген жұмыстар жүргізілді. Бізді осы күнге жеткізген — осы Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Сондықтан бұл кісілерге әрқашан тағзым жасап, құрмет көрсетуіміз керек. Қазіргі өскелең ұрпаққа тәрбие берудегі басты мақсаттың бірі де — үлкенге құрмет көрсету деп ойлаймын. Қазақта «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген сөз бар. Біздің мақсатымыз да — сол, – деді ол.

Ардагерлер көрсетілген құрметке өз алғыстарын жеткізіп, жастарға бейбіт өмірдің қадірін білуге және ел бірлігі мен тыныштығын сақтауға шақырды.

Сонымен қатар қауіп-қатерге толы соғыс жорықтарынан аман өтіп, бүгінгідей бақытты сәтке жетуіне майдандас достарының ықпалы болғанын тілге тиек етті. 

– Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Бұл күн – жай ғана мереке емес, бұл – нағыз Жеңіс күні. Себебі жау біздің жерге қонақ болып келген жоқ, олар бізді жою үшін келді. Сондықтан құрамында біз де болған кеңес армиясының жеңісі Кеңес Одағы құрамындағы барлық халықты сақтап қалды.

Шынын айтсам, бүгін осы орында отырғаныма өзімді ыңғайсыз сезінемін. Менің орнымда менен үлкен, майданның бар ауыртпалығын көтерген ардагер ағаларым отыруы керек еді. Ол кезде мен небәрі он жеті-он сегіз жастағы бозбала болатынмын. Ал менің жанымдағы майдандас достарымның жасы елуге таяп қалған еді.

Сондықтан бұл мереке күні ең алдымен Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құрметтеуіміз керек. Шекарада жауды алғаш қарсы алып, Брестен Сталинградқа дейін шайқасқан, Ленинград пен Мәскеуді қорғаған, фашистерді қазақ жеріне жеткізбеген батырлар дәл сол кісілер еді.

Сондықтан бүгін мен сияқты көзі тірі ардагерлерге ғана емес, қолына қару алып, Отанды қорғаған, майдан даласында қаза тапқан боздақтарға да тағзым етуіміз керек, – деді соғыс ардагері Геннадий Иванов.

Айта кетейік, бүгінде біздің өңірде Қызыл әскер жауынгерлерінің тек үшеуінің ғана көзі тірі. Олар — Шалданбай Шанбаев, Геннадий Иванов және Иван Макеев.

Жеңіс күні — тек мереке ғана емес, өткенге тағзым етіп, майдангерлердің ерлігін ұлықтайтын маңызды күн. Жамбыл жұртшылығы дәл осы күні батыр буынға деген құрметтің биік екенін іс жүзінде тағы бір дәлелдеді.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар