жұма, 5 желтоқсан, 2025 15:38

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тоғызкенттің 80 жылдығы кең көлемде аталып өтті

Тоғызкенттің 80 жылдығы кең көлемде аталып өтті
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Тоғызкент ауылының тарихы мен тағылымын ұлықтаған ерекше күн — ауылдың 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Ел еңсесін көтерген бұл мереке ауылдың өткені мен бүгіні тоғысқан шынайы халықтық думанға айналды.

Таң сәріден басталған мерекелік шаралар ауыл орталығындағы үлкен алаңда жалғасын тапты.

Мұнда қолөнер бұйымдарының, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, Тоғызкенттің шеберлері мен диқандары өз еңбектерінің нәтижесін көпшілікке ұсынды.

Алаңда спорттық жарыстар өтіп, ауыл балуандары боз кілемде белдесті. Жастар да, жасөспірімдер де ұлттық ойындарға белсене қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, медальдар және қаржылай сыйлықтар табысталды. Марапатты Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов өз қолымен тапсырды.

Аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, еңбек ерлерін марапаттады

Салтанатты жиында аудан әкімі Сәкен Мамытов ауыл тұрғындарын құттықтап, Тоғызкенттің тағылымды тарихына тоқталды.

Ол елді мекеннің өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Тоғызкент ауылына 80 жыл» мерекелік төсбелгісін табыстады.

Мерекелік жиында облыстан келген өнерпаздар әннен шашу шашып, ауыл аспанын әсем ән мен күй тербетті. Кешке қарай ұлттық киім киген жастар алаңды думанға бөлеп, ауыл тұрғындары бірлік пен берекенің мерекесін тойлады.

Тарих пен тағылым түйіскен конференция

Мерейтой аясында Тоғызкенттің тарихы мен тұлғаларына арналған мазмұнды конференция өтті. Оған аудан мен облыс деңгейіндегі ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

Конференцияның алғашқы сөзін Сарысу ауданының тұңғыш әкімі, ауданның құрметті азаматы Әбдіманап Көпбергенов ашып, ауылдың өткеніне шолу жасады.

Сондай-ақ жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сарысу ауданының құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин мен облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Қазфосфат» ЖШС кеңесшісі Батырбек Кулекеев те сөз алып, Тоғызкенттің даму жолы мен елге сіңген еңбектер жөнінде тағылымды ойлар айтты.

Қатысушылар ауылдың келешегіне бағытталған ұсыныстар мен тілектерін де ортаға салды.

Жаңа мәдени нысан – жаздық сахна ел игілігіне берілді

Мерейлі мерекенің тағы бір маңызды сәті – Тоғызкентте жаңа жаздық сахнаның ашылуы болды. Бұл нысан ауылдың мәдени өмірін жандандыруға бағытталған үлкен тарту ретінде қабылданды.

Ашылу салтанатында облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Батырбек Кулекеев, Сарысу ауданы ардагерлер кеңесінің мүшесі Майтон Узекбаев және ауылдық округтің құрметті ардагері Жансерік Майыров сөз сөйлеп, жаңа сахнаның ауыл өмірі мен жастар тәрбиесінде алатын орны зор екенін атап өтті.

Сахнаның лентасын аудан әкімі Сәкен Мамытов, Сарысу ауданының құрметті азаматы Әбдіманап Көпберген, ҚР құрметті депутаты Сағынбек Бегеев және Сарысу ауданының құрметті азаматы Пернебек Алтынбеков салтанатты түрде қиды.

Жаңа сахнада алғашқы концерт дәл осы күні өтті — ауыл өнерпаздары мен қонақтар тұрғындарға әсерлі ән мен би сыйлап, кештің шырайын кіргізді.

Берекелі ауыл — бірліктің айғағы

Тоғызкенттің 80 жылдық мерейтойы ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы мен елге деген сүйіспеншілігін айқын көрсетті.

Кеш соңында тұрғындар ауылдың бүгінгі жетістігі мен келешегіне зор сенім білдіріп, бір-бірін осынау қуанышты мерекемен құттықтады.

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар