сәрсенбі, 14 мамыр, 2025 4:38

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қаратау бөктеріндегі қызғалдақ мерекесі: Жамбылдың табиғатын туристер жоғары бағалады

Қаратау бөктеріндегі қызғалдақ мерекесі: Жамбылдың табиғатын туристер жоғары бағалады
Фото - Юрий Ким
Мұнда туристер ұлттық өнер мен салт-дәстүрге арналған түрлі шараларға қатысты

Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Есейхан ауылында алғаш рет «Қызғалдақ мұра» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аталған халықаралық фестиваль – табиғат пен ғылыми зерттеулер қатар тоғысқан ерекше шара болды.

Жиынды университет ректоры Махметғали Сарыбеков ашып, жүргізді. Конференцияда алғашқы болып биология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Ботаника және фитоинтродукция» институтының бас директоры Гүлнар Ситпаева сөз алды. Спикер «Қазақстан – қызғалдақтар мекені» тақырыбында баяндама жасап, қызғалдақтың алуан түрлі тұқымдас өсімдік екеніне кеңінен тоқталды.

– Лалагүлдер тұқымдасына жататын қызғалдақтың 139 түрі белгілі болса, 2023 жылғы дерек бойынша Қазақстан аумағында 41 түрі өседі. Оның ішінде 13-і – эндемиктер, яғни тек осы жерде ғана кездесетін түрлер. Ал 18 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Өзбекстанда – 32, Түрікменстанда – 10, Қырғыз Республикасында шамамен – 20, Тәжікстанда 25 түрі бар. Қызыл кітапқа енген 18 қызғалдақ түрінің 10-ы Жамбыл облысында өседі. Мәселен, Грейг қызғалдағы 1873 жылы Регельдің еңбегінде жеке түр ретінде сипатталып, оның отаны Сырдария Қаратауы, Ұғам және Талас жоталары екені жазылған. Грейг көбіне сазды, ұсақ тасты және тасты-шағылды таулы беткейлерде, 2 400 метр биіктікте өседі. Түстері – қызыл, сары, кейде ақшылдау болып келеді. Қызғалдақтар патшасы Грейг қызғалдағы 300-ге жуық мәдени қызғалдақтың атасы саналады. Сондықтан мәдени мұрамызды сақтап қалу – ел алдында тұрған міндеттің бірі, – деді Г.Ситпаева.

Фестивальге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

— Бүгін біз қазақ даласының көркіне айналған, көктемнің шуағын, табиғаттың жаңаруын паш ететін қызғалдақ гүліне арналған фестивальде бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде елімізде туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болатындығын айтқан болатын. Осы іс-шара өңір туризімін дамытудағы ауқымды жоба десек қателеспейміз. Қызғалдақ – жай ғана гүл емес, ол – біздің ұлттық болмысымыздың, тарихымыздың, табиғатымыздың ажырамас бөлігі. Сан ғасырлар бұрын Еуразияның дәл төрінен, осы қасиетті қазақ жерінен бастау алған қызғалдақтың әлемді шарлап, Голландияға дейін жеткені – баршамызға белгілі тарихи шындық. Бұл – біздің табиғи байлығымыздың, туған өлкеміздің сұлулығының дәлелі. Бүгінгі фестиваль – гүл мерекесі ғана емес, бірлік пен достықтың, табиғатқа деген сүйіспеншіліктің, рухани жаңғырудың белгісі. Табиғатты аялау – болашаққа деген аманат екенін естен шығармайық, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Іс-шара аясында ұлттық өнер мен салт-дәстүрге арналған түрлі шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, киіз басу, қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық спорт түрлері, сән көрсетілімі, гала концерт ұйымдастырылды. 

Фестифаль аясында ұйымдастырылған «Қымызмұрындық» рәсімі де қазақы болмыстың шынайы көрінісіндей әсер қалдырды. Алаңның шетіне құлынды биелер әкелініп, арнайы қазыққа байланды. Мұнан соң бір бие сауылып, үлкендердің бірі ортаға шығып, ақ батасын берді. Ақ тілек аяқтала сала көпшілікке күбіден құйылған қымыз ұсынылды. Жиналғандар кезек-кезек тостақ ұстап, бата дарысын дегендей, бір-бір ұрттап, дәм татып жатты. Дәл осы сәтте сауыншылар арасындағы бие сауу сайысы басталып кетті. Қатысушылардың бәрі де өз жеңісіне сенімді.

– Осындай игі іс-шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Бие сауу мен үшін таңсық іс емес, бала күнімнен әжемнің жанында жүріп үйренген тірлік. Алайда бұл үлкен жауапкершілік пен ыждаһаттылықты қажет ететін жұмыс. Малдың жайын білмеген адам оңайлықпен бие сауа алмайды. Бүгінгі жарыс сауыншылар арасындағы бәсеке емес, ұлттық салтты насихаттау, кейінгі буынға үлгі боларлық дүние болды. Осындай фестивальдер жиі өтіп тұрса, халқымыздың төл дәстүрі де жаңғырып, ұмыт қалмайтынына сенемін, – деп өз әсерімен бөлісті Қараой ауылынан келген сауыншы Мадина Қолхаметова.

Айта кетерлігі, қазақ халқының дәстүрлі киіз басу өнері бұл күні ерекше танымалдылыққа ие болып, КИнЭС рекордтар кітабына ресми түрде енгізілді. Бұл — ұлттық қолөнердің халықаралық деңгейде мойындалуының бір дәлелі.

Сертификатты рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков тапсырды.

– Киіз – халқымыздың қазынасы. Фестиваль аясында көлемі 200 шаршы метр болатын қызғалдақ бейнесі бедерленген киіз кілемнің дизайнын жасау бақыты маған бұйырды. Қызғалдақ – қазақ даласының көркі, көктемнің лебі. Бұл еңбегімде осы ойды жеткізгім келді. Жүзге жуық шебер бір үйдің баласындай жұмылып, көп тер төкті. Бірлесе жүріп үлкен істі тындырдық. Ең қуаныштысы – осы еңбегіміз КИНЭС ректордтар кітабына енді. Бұл жетістік – барлығымыз үшін үлкен мәртебе. Осындай дүние жасағанымыз – өзімізге де, келешек ұрпаққа да мақтаныш, – деді белгілі дизайнер Айдархан Қалиев.

«Қызғалдақ мұра» фестивалі – тек мереке емес, туған жер табиғатына деген терең тағзымның, ұлт мұрасын ұлықтаудың айқын көрінісі болды. Қаратаудың баурайында өткен бұл рухани-мәдени шара табиғат пен дәстүр, ғылым мен өнер тоғысқан ерекше бір алаңға айналды. Әлем назарын аударған фестиваль – Жамбыл жұртының табиғатты аялауға, ұлт құндылығын сақтауға деген шынайы ниетінің белгісі. Бұл бастама тек аймақтың емес, тұтас қазақ даласының мақтанышына айналып, келешекке жалғасар игі дәстүрдің негізін қалады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар