дүйсенбі, 25 қараша, 2024 7:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Зам-замның» зәмзәм бағы

«Зам-замның» зәмзәм бағы
ашық дереккөзі
«Зам-замның» зәмзәм бағы
Шу ауданының тұрғыны Мирислам Аллахмирановтың бақшасында алманың 36 сұрпы жайқалып тұр. Еңбекқор бағбан бұдан бөлек алхоры мен шабдалының италияндық және франциялық сорттарын жерсіндіру мақсатында әрі тәжірибе үшін өсіруді де қолға алған. Осыдан 15 жыл бұрын Шу ауданы Мойынқұм ауылында 10 гектар жерге алма бағын отырғызудан бастаған «Зам-зам» шаруа қожалығының жетекшісі Мирислам Аллахмиранов қазіргі таңда бақша көлемін 40 гектарға дейін жеткізген. Оның бау-бақшасынан алма ағашының 36 түрін кездестіруге болады. Алқаптан өткен жылы 500 тонна алма жиналған, биыл да ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, күтіп-баптау жұмыстарының арқасында мол өнімге қол жеткіземіз деп отыр. «Кез-келген жеміс сұрыпының өзіндік ерекшеліктері бар. Ең маңыздысы олардың қысқа төзімділігі және өнімділігі. Жеміс беру кезеңі қолайлы болуы қажет. Содан соң, алманың ірілі-ұсақтығына, түсіне, дәміне, тасуға жарамдылығына, сақталғыштығына аса мән берген жөн», – дейді қожалық жетекшісі Мирислам Аллахмиранов. Сонымен қатар, қожалықта алхоры, шабдалы жемістерінің италиялық және франциялық сорттары да бар екен. «Столовка», «Голден Делишес» және «Ред Делишес» алма сұрыптары Меркі ауданындағы «Гүлдер» питомнигінен алынған. Бағбан өз бақшасынан жинаған өнімдерін аудан орталығындағы базарлар мен дүкендерге нарық бағасынан арзан өткеретіндігін айтады. Айталық, алманың әр келісі - 150 теңгеден сатылуда. Кәсіпкер көпбалалы отбасыларына қол ұшын созып тұрады. Жыл сайын аз қамтылған және ауыл қарияларына 10-15 тонна алманы тегін таратуды дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ, аталған шаруа қожалығында 2010 жылдан бері 3 гектар жерге қосымша жүзім өсірілуде. Осы аумаққа 30 түрлі жүзім сорттары отырғызылып, әр гектарынан 15-18 тоннаға дейін өнім жиналуда. Былтыр көптеп отырғызылған «Дамские пальчики» жүзімдігінің әр түбінен 250 кг. өнім жинаған шаруа, жүзім бригадасына қосымша 15 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтыған. Еңбек даласында тынбай тер төккен «Зам-зам» шаруа қожалығының жетекшісі Мирислам Аллахмиранов 2015 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.  
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар