Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу барысы штаб отырысында талқыланды
- авторБақытжан Бекболат
- 18 маусым, 2025
- 191

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылатын іс-шараларды үйлестіру жөніндегі штаб отырысы өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кіріспе сөзінде Серік Жақсылықұлы жұмысшы мамандықтарға арналған жыл аясында 123 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтті.
– Іс-шаралар жоспарына сәйкес 123 тармақ қарастырылған. Бұл тармақтарға тиісті құзырлы органдар қарайды. Іс-шаралар жоспарының орындалуы жөнінде жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын бақылайтын боламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Алғаш болып сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков бекітілген жоспардың орындалу барысы туралы баяндады.
– Жоспарға сәйкес 2025-2026 жылдары колледждер халықаралық салалық аккредиттеуден өту, «1С» сертификаттау орталығын құру, 220 орындық жатақхана құрылысын салу, 6 салалық (hub) кешенін ашу, жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, шетелдік инвестор тарту арқылы жаңа мамандық ашу іс-шараларын өткізу қамтылған.
Іс-шараларды жүзеге асыруға 404 миллион теңге көлемінде (жергілікті бюджет есебінен 304 миллион теңге, демеуші кәсіпорындар есебінен 100 миллион теңге) қаражат бөлу жоспарланған. Жұмысшы мамандықтар жылындағы 123 іс шараның 74-іне білім басқармасы жауапты болып саналады. Оның бүгінгі күнге 30 іс-шарасы орындалып, 44-і орындалмаған, яғни орындалу мерзімі бар.
Жобалық офиске Битрикс жүйесіне 40 іс-шара енгізілген. Оның 25-і білім басқармасына қатысты және бүгінгі күнге 9 іс-шарасы өткізілген.
Жалпы облысымызда колледждер мен кәсіпорындар, жоғары оқу орындары арасында 98 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 7000 оқушыға кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіліп, 200-ге жуық кәсіпорын базасына экскурсия жасалынды. Жұмыс берушілермен 5 салалық форсайт сессиясы өтіп, 1 республикалық, 3 облыстық чемпионат, 5 шеберлік конкурстары ұйымдастырылды. Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу бойынша іс-шаралар тұрақты бақылауда,– деді Нұрбек Әбубекұлы.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан жеті тармақ бойынша жұмыс жүргізілуде. Басқарма басшысының орынбасары Самат Төрегелдиевтің айтуынша, биыл 55,1 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып, бес айда 26,8 мың адам жұмысқа орналасқан.
Ал ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағытында жүргізілген ақпараттық-насихат жұмыстары туралы есеп берді.
Жиын соңында Серік Сәлемов баяндамалардың мазмұнына көңілі толмайтынын айтып, жіберілген олқылықтарды жоюды тапсырды. Штаб отырысының екінші бөлігі кейінге шегеріліп, баяндамашыларға толыққанды есеп дайындауға бір апта уақыт берілді.