Жамбыл жаңалықтар
Жаңа белес: Қазақстан мен Қырғызстан басшылары қандай келісімге келді
- авторjambylinfo.kz
- 27 мамыр, 2022
- 200
Жаңа белес: Қазақстан мен Қырғызстан басшылары қандай келісімге келді
Биыл Қазақстан мен Қырғызстан елдерінің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толып отыр. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы қос мемлекет барлық салада өзара байланысты нығайтуға баса назар аударып келеді. Әсіресе, экономика, мәдениет, инвестиция саласындағы ынтымақтастық жыл өткен сайын артып жатыр.
Мәселен, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард долларды құрады. Ендігі мақсат – тауар айналымын 2 миллиард долларға дейін жеткізу болып отыр. Қазақстан тарапы соңғы 15 жылда көрші елге 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйған. Бүгін 30 жыл бойына екі ел арасында мықтап орныққан достық, дипломатиялық қатынасты одан әрі нығайтып, экономика, мәдениет, білім, инвестиция саласындағы байланысты дамыту үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Президенті Садыр Жапаров Бішкекте келіссөз жүргізді.
Дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 15 қазанда орнаған. Осы уақыт ішінде екіжақты ынтымақтастық аясында 180-нен астам келісімшартқа қол қойылған. Олардың ішінде ең маңызды құжат ретінде 1997 жылғы 8 сәуірдегі Мәңгілік достық туралы шарт және 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Одақтастық қатынастар туралы шартты атап өтуге болады. Қос елдің екіжақты өзара іс-қимылы бірқатар институционалды базистер шеңберінде жүзеге асып отыр. Атап айтсақ: - Мемлекет басшылары басқаратын Жоғары Мемлекетаралық Кеңес;
- Үкімет басшылары басқаратын Қырғыз-Қазақстан үкіметаралық кеңесі;
- екі елдің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі. Бауырлас екі елдің халықаралық саясаттағы бірқатар мәселеге қатысты ұстанымдары ұқсас. Қазақстан мен Қырғызстан Біріккен ұлттар ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында тығыз байланыс орнатқан. Тауар айналымы 2 млрд долларға жеткізілмек Қазақстан – Қырғызстанның жетекші сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық серпінді түрде дамып келеді. 2015 жылы Қырғызстан ЕАЭО-ға кіргеннен кейін өзара сауда көрсеткіштері айтарлықтай артқан.
Мәселен, екі ел арасындағы тауар айналымы 2021 жылы 970,8 млн долларды құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 14%-ға өскен (625,2 млн доллар). Ал экспорт 7,6%-ға (625 млн доллар), импорт 29,2%-ға (345,6 млн доллар) артқан. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылғы қаңтар-мамыр аралығында тауар айналымы 206,3 млн долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға (200,6 млн доллар) өскен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Қырғызстанға ресми сапары барысында екі мемлекет арасындағы тауар айналымын 2 миллиард долларға жеткізу жоспарланып отырғаны белгілі болды.
Қырғыз Президенті Садыр Жапаровпен кеңейтілген құрамдағы келіссөзі кезінде Қазақстан Президенті былай деді: «Бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Қазір әлемдегі ахуал күрделі екенін білесіздер. Осындай қиын кезеңде күш жұмылдыру өте маңызды. Қазақстан – Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да бар. Жалпы, экономикалық ықпалдастықты одан әрі өркендетуге әлеуетіміз жетеді. Біз сауда көлемін жақын арада 2 миллиард долларға жеткізуге келістік». 2005 жылдан бастап еліміздің Қырғызстанға салған тікелей инвестициясының көлемі 1,352 млрд долларды, ал Қырғызстаннан Қазақстанға құйылған инвестиция көлемі 97,1 млн долларды құрап отырғанын атап өткен жөн.
Қырғызстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 334 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Қазақстанда қырғыз капиталының қатысуымен осындай 247 кәсіпорын жұмыс істейді. Егер Қырғызстанда кәсіпорындар негізінен қаржы, тау-кен өндірісі, тамақ өндірісі, сауда, көлік және байланыс, сонымен қоса құрылыс және жөндеу салаларында шоғырланған. Ал Қазақстанда олар көтерме және бөлшек сауда, құрылыс, автомобиль сату, ірі қара мал өсіру, дәнді және бұршақты дақылдарды өсіру, мақта талшықтарын дайындау, баспа секілді салаларда қызмет істеп жүр. Экспорт және импорт Бүгінгі кездесуде қазақ президенті бүгінде сауда-логистикалық индустриялық кешеннің негізі қаланғанына тоқталып, бұл қадам өндірістік байланыстар мен сауда-саттықты жандандыруға жол ашатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, екі ел арасындағы өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір ұлғайтуға мүмкіндік мол. Қазірдің өзінде Қазақстан Қырғызстанға импортталатын жүздеген тауар түрін ұсына алады. Сонымен қоса Қазақстан өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайын екенін тілге тиек етті. «Бұған «Kazexport» компаниясы қолдау көрсетеді. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес. Осы орайда қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланамыз деп уағдаластық. Сондай-ақ азаматтардың шекарадан өтуін жеңілдетуге баса назар аудардық. Жүк тасымалы рәсімдерін жетілдіру жайын пысықтадық. Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылды. Былтыр «Қордай» бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады. Басқа да бекеттерді жаңғырту туралы келісімдер бар. Басты мақсат – шекарадағы тексерістерді азайтып, көлік кептелісін жою»,- деп толықтырды Қазақстан Президенті. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстаннан экспортталған өнім көлемі 7,6%-ға (625 млн доллар), ал импорт 29,2%-ға (345,6 млн доллар) артқан. Ыстықкөл облысында күн энергиясы станциясы салынады Бүгінде Қазақстанда шетелдік инвесторларға жақсы жағдай жасалып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз Президентімен кездесуі барысында шетел инвесторларының мүддесін қорғау ісі жалғасатынын атап өтті.. Сонымен қатар ол кездесуде Қазақстан капиталының қатысуымен Ыстықкөл облысында күн энергиясы станциясын салу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Жобаның құны – 300 миллион доллар. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру мәселесінің де маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. «Су тапшылығы мәселесі жылдан жылға күрделеніп келеді. Беделді халықаралық экологиялық ұйымдар осындай болжам жасап отыр. Су келешекте көп болмайды, тапшы болады. Бұл – анық нәрсе. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері бірлескен жұмыстарды қолға алуы қажет. Екі елге ортақ өзендер әрдайым жұртты жақындастыра түсуге дәнекер болуы керек. Қазақстан барлық міндеттемелерін толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын»,- деп бас айтып өтті ҚР Президенті. Бішкекте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филиалы ашылмақ Білім саласындағы ықпалдастық 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім негізінде іске асып отыр. Келісімге сәйкес, қос тарап жыл сайын Қырғызстан мен Қазақстан азаматтарының екі елдің жоғары оқу орындарында оқуы үшін білім беру гранттарын бөледі. Жыл сайын ЖОО-да бюджеттік оқыту үшін бөлінетін квоталар санын арттыру жөнінде де уағдаластық бар. Бүгінгі екі ел президенттерінің Бішкектегі кездесуінде де білім саласын дамыту, мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту мәселесі де тыс қалған жоқ. Жалпы былтыр Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға сапары кезінде екі елдің жастарын жақындастыра түсетін бірқатар уағдаластыққа қол қойылған еді. Бішкекте өткен келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев соны еске салып, білім саласындағы бірлескен жобаларға тоқталды. «Бүгін Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылады. Бұдан бөлек біз жас ғалымдар үшін түрлі гранттар тағайындадық. Олардың озық ғылыми идеяларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту үшін екі ел зиялыларының форумын жыл сайын өткізуді ұсындым»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Айта өтейік, 2019 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарында Қырғызстанның мыңға жуық студенті, ал Қырғызстанның жоғары оқу орындарында 2 мың қазақстандық студент білім алды. Алайда пандемия мен енгізілген шектеулерге байланысты студенттер саны азайды. Ақпарат және мәдениет саласындағы байланыс Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық - екіжақты қарым-қатынастың маңызды саласының бірі. Қырғызстан мен Қазақстанда екі елдің зиялы қауымы мен жұртшылығы өкілдерінің қатысуымен көрмелер, өнер адамдараның концерттері, халықаралық ғылыми конференциялар мен симпозиумдар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мәселен, Қазақстан мен Қырғызстан М.Әуезовтің 100 жылдығын, Құрманғазының 175 жылдығын, Абайдың 150 жылдығын, Жамбылдың 150 жылдығын, «Манас» эпосының 1000 жылдығын, Т.Сатылғановтың 150 жылдығын, Ә.Тоқомбаев пен Ш.Айтматовтың мерейтойларын бірлесіп тойлады. Жалпы қоғамдық, гуманитарлық байланыстарды дамытуда Қазақстандағы қырғыз диаспорасы да өз рөлін атқарып отыр. 2004 жылы Қазақстанда Қырғыз ұлттық мәдени орталығы тіркелген еді. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласындағы қырғыз этномәдени бірлестігі ретінде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Тараз қаласындағы «Манас-Ата» қырғыз ұлттық-мәдени орталығы және Ақтау қаласындағы «Ала-ЖШС», Алматы қаласындағы «Мекен», «Қырғыз–Ата» және «Манас-Ата» қырғыз ұлттық этномәдени орталықтары өз қызметтерін жүзеге асырып, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға үлкен үлес қосып отыр. Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақты ақпарат саласындағы бірлескен жұмыстар нығайтып тұр. Бұл істе екі мемлекеттің бір-бірін үнемі қолдап отыратынын айта кету керек. Қазақстан мен Қырғызстанның бұқаралық ақпарат құралдары халықаралық ұйымдар (Түркі мемлекеттері ұйымы, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕАЭО, Азия-Тынық мұхиты өңірінің жаңалықтар агенттіктерінің ұйымы (ОАНА), ТМД-ға мүше мемлекеттердің ақпарат агенттіктері ұйымы және т.б.) ұйымдастыратын түрлі іс-шараларға тұрақты түрде қатысады. Екі елдің бұқаралық ақпарат құралдарының арасындағы тығыз ынтымақтастыққа мысал ретінде Қырғызстанның «Кабар» және Қазақстанның «ҚазАқпарат» ақпарат агенттіктерінің өзара іс-қимылын атап өтуге болады. Бішкекте қандай құжаттарға қол қойылды? Жалпы екі елдің сауда-экономикалық байланысының жай-күйі мен перспективалары екі елдің мемлекет, үкімет және сыртқы саяси ведомстволарының басшылары деңгейінде, сондай-ақ салалық министрліктер мен ведомстволардың басшылары деңгейінде үнемі талқыға түсіп отырады. Мемлекет басшыларының ресми сапарлары барысында да бірқатар құжаттарға қол қойылады. Бүгінгі екі мемлекет президенттерінің Бішкектегі кездесуі кезінде де 13 маңызды құжатқа қол қойылды. Атап айтсақ: - Қазақстан Республикасының Алматы облысының әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Ыстықкөл облысындағы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастықты нығайтуға байланысты келісімді жасасу ниеті туралы хаттама; - Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Ош облысындағы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум; - Қазақстан Республикасы Жамбыл облысының әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Талас облысындағы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум; - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігі және «JOINT TECHNOLOGIES» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы «Ақ тілек» және «Қарасу» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешен инфрақұрылымына инвестиция тарту туралы меморандум; - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум; - Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы Шекара маңы аумақтарында табиғи өрттердің профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі үкіметаралық келісім; - Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы Авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім; - Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы 2006 жылғы 4 шілдедегі Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттама; - Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 1996 жылғы 26 тамыздағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттама; - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасында Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай 2022 жылға арналған Сыртқы істер министрліктері арасындағы Бірлескен іс-шаралар жоспары; - Қазақстан Республикасы Қарағанды облысы әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Шу облысындағы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум; - Қазақстан Республикасы Ақтөбе облысы әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Баткен облысындағы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум; - Қазақстан Республикасы Атырау облысы әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Жалал-Абад облысындағы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жалпы келіссөз барысында екі ел басшысы жаһандық және өңірлік мәселелер туралы пікір алмасып, халықаралық түйткілдерге қатысты ұстанымдары ортақ екенін атап өтті. Әсіресе, Орталық Азиядағы ықпалдастықты тереңдету мәселесіне назар аударды. Осы орайда, көп ұзамай аймақ мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуін өткізуге уағдаласты.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз