Жамбыл облысы елімізде жоғары экономикалық өсім көрсетіп отыр
- авторБақытжан Бекболат
- 8 тамыз, 2025
- 527
2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша, Жамбыл облысы еліміздегі ең жоғары экономикалық өсімді қамтамасыз етіп отыр. Облыс экономикасының қарқынды дамуы – жүргізіліп жатқан жүйелі реформалар мен нақты жобалардың жемісі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, Жамбыл облысының жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 4,5%-ға артып, 3 трлн 236,8 млрд теңгені құрады. Бұл – өңірдің өндірістік, сауда және ауыл шаруашылығы әлеуетін тиімді пайдаланудың нақты нәтижесі.
Ал 2025 жылдың қаңтар–мамыр аралығындағы кезеңде облыс экономикасы айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Нақты айтқанда:
• Өнеркәсіп өндірісі – 22,9% өсіммен алға шықты. Бұл – жаңа өндіріс орындарының іске қосылып, қайта өңдеу және тау-кен салаларындағы белсенділіктің артқанын көрсетеді.
• Ауыл шаруашылығы – 1,0% өсіммен тұрақты дамуда. Өңірдің аграрлық әлеуетін көтеруге бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары өз нәтижесін беруде.
• Құрылыс саласы – 34,8%-ға өсіп, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл – жаңа тұрғын үйлер, инфрақұрылым нысандары мен әлеуметтік жобалардың ауқымды түрде жүзеге асырылып жатқанын білдіреді.
• Сауда – 2,8% өсіммен ішкі нарықтағы сұраныстың қалпына келгенін байқатты.
• Көлік саласы – 12,8%-ға артты. Жүк тасымалы мен логистикалық қызметтер аясында өсім бар.
• Байланыс және телекоммуникация – 8,5% өсім көрсетті. Бұл сандық инфрақұрылым мен интернет қолжетімділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Жалпы экономикалық өсім – 16,8%
Жоғарыда аталған салалардың барлығы бойынша қол жеткізілген табыстардың нәтижесінде, Жамбыл облысының жалпы экономикалық өсімі 16,8% деңгейінде қалыптасты. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.






