Жамбыл жаңалықтар
Жамбыл облысында 38 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды
- авторjambylinfo.kz
- 9 ақпан, 2022
- 167
Жамбыл облысында 38 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды
Жамбыл облысында өткен жылы 38 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтты.
Аймақ басшысы өз сөзінде өткен жылдың қорытындысына сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері, Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы жөнінде есеп беріп, алдағы міндеттерге тоқталды.
- Мемлекеттік бағдарламалардың көмегінің нәтижесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері былтырғыдан жоғары қалыптасып, экономикалық өсім 5,8%-ды құрады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, сауда, байланыс, салықтық түсім, жалақы, бюджет кірісі артты. Қаржы 99,5%-ға игерілді. 705 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 409,9 млрд.теңге инвестиция тартылды. 2025 жылға дейін 2 трлн. теңгені құрайтын 74 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Былтыр 70 млрд. теңгеге 14 жоба іске асырылды. Барлығы 38,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды, оның 19 мыңы тұрақты,-деді Бердібек Сапарбаев.Облыс әкімі егістік алқабы 30,3 мың гектарға ұлғайып, 752 мың гектарға жеткенін, пайдаланылмай жатқан 114 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын жеткізді. Өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда.
- «Айналым сызбасы» жобасы аясында жергілікті бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлініп, 1,8 млрд. теңгеге 4,9 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар мен 6,5 млн. дана жұмыртқа өткерілді. Тұрақтандыру қоры арқылы 577,9 млн. теңгеге 4,5 мың тонна өнім сатылды. Бүгінгі таңда 3,5 мың тонна көкөніс қоры жасақталған. Шекті бағадан төмендетілген азық-түлік тауарларын өткеретін 33 әлеуметтік павильондар жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жермеңкесі тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді,-деді аймақ басшысы.2021 жылы облыста 12 ауылдық елді мекенге (46 мың адам) орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 82,2%-дан 88,8%-ға дейін жетті. Сонымен қатар, 20 елді мекендегі 16 мың адам табиғи газбен қамтылып, газдандыру үлесі 88,6%-ға артты. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 479,1 шақырым жолдар салынып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 95%-ға өсті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, аймақтық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру да игі үрдіске айналған.
- «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» шегінде 12,7 млрд.теңгеге демеушілер қаражаты есебінен облыс орталығында 10 əлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді. «Асарлатып үй салу» жобасымен 134 мұқтаж отбасы үйлі болды. «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде 157 мың түлектің демеушілігімен 8,8 млрд. теңгеге 393 инвестициялық жоба іске асырылды. «Таразға тарту» бойынша облыс орталығында 2,1 млрд.теңгеге 42 нысанда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Биыл «Жаңғырған Жаңатас» жобасы қолға алынады,-деген Бердібек Сапарбаев алдағы жоспарлы міндеттерге тоқталып өтті.Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі қарқынды жұмыстарды жалғастыра түсу керектігін баса айтты.
«Кең ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жоспар айқын. Орындаңыздар»,-деп Мемлекет басшысы нақты міндеттер жүктеді.Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Президент тоқталған басымдықтар бойынша облыс әкімі өз орынбасарлары мен басқарма, департамент басшыларына, аудан әкімдеріне тапсырмалар беріп, олардың орындалуы қатаң бақылауда болатын атап өтті.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл жаңалықтар
Таразда балабақшалардың бірлескен семинары өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 22 қараша, 2024