жұма, 23 қаңтар, 2026 19:45

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысында биыл 13 спорт нысаны пайдалануға беріледі

Жамбыл облысында биыл 13 спорт нысаны пайдалануға беріледі
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі
2025 жыл Жамбыл облысының спорт саласы үшін мазмұнды да нәтижелі кезең болды.

Өңірде спорт инфрақұрылымын жетілдіру, жоғары жетістіктер спортын дамыту және бұқаралық спортты кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бұл туралы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов баяндады. 

Өткен жылы аймақта 3 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, тағы 2 спорт мекемесі спорт клубы ретінде қайта құрылды. Өңірде боксты жүйелі дамыту және жасөспірімдер мен ересек спортшыларды бір орталыққа топтастыру мақсатында Олимпиада резервін даярлау орталығының спорт кешені «Жамбыл» бокс орталығы болып қайта рәсімделді.

Сонымен қатар Ж. Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазақстан футбол федерациясының «Алаң» жобасы аясында спорт сарайының сыртқы футбол алаңы жаңартылды. Өткен жылы Футбол академиясының құрылысына капсула салу рәсімі өтті.

Қазір облыстағы спорт мекемелерінде 27 507 спортшы тұрақты түрде жаттығып, олармен 1 136 жаттықтырушы жұмыс жүргізуде. Өңірде спорттың 88 түрі қамтылып, 858 жамбылдық спортшы түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командалардың сапында өнер көрсетіп жүр.

2025 жыл жамбылдық спортшылар үшін табысты болды. Олар республикалық және халықаралық жарыстарда 1 856 медаль иеленді. Оның ішінде 686 алтын, 515 күміс және 655 қола жүлде бар.

Өткен жылдың басты халықаралық додасы – Токиода өткен Сурдлимпиада ойындарында Жамбыл облысынан 12 спортшы 7 спорт түрінен сынға түсіп, 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.

Командалық жетістіктер де айрықша болды. Қазақ күресінен Қазақстан Республикасы чемпионатында Жамбыл облысының құрамасы күміс жүлдеге ие болса, бокс, дзюдо және футболдан жасөспірімдер құрамалары жалпы командалық есепте жеңімпаз атанды.

Көкпардан жастар құрамасы 9-рет Қазақстан чемпионы атанса, ересектер құрамасы өз мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, елдің 15 дүркін чемпионы атанды.

Ал еркін күрестен Жамбыл облысының құрамасы бесінші жыл қатарынан ел чемпионы болып танылды.

Сондай-ақ олимпиадалық спорт түрлері бойынша төрт жылда бір рет өтетін жастар ойындарының қорытындысында Жамбыл облысы 20 өңірдің ішінде 5-орын иеленді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста жүйелі түрде спортпен шұғылданатындар саны 514,9 мың адамға, яғни облыс тұрғындарының 44,8 пайызына жетті. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында елді мекендерде жұмыс жүргізіп жатқан спорт нұсқаушыларының саны 290-ға жетті. Соның нәтижесінде шалғай ауылдардағы спорттық іс-шаралардың саны мен сапасы артып, қатысушылар қатары көбейді. Жыл басынан бері 4 286 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 400 мың адам қамтылды.

Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да қарқын алды. Қазіргі таңда облыс аумағында 2 465 спорт нысаны жұмыс істеп тұр, олардың барлығы тұрғындар үшін толықтай қолжетімді. 2025 жылы 8 спорт нысаны мен 103 спорт алаңшасы пайдалануға беріліп, нәтижесінде халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 75,4 пайызға жетті. 2026 жылы тағы 13 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарлануда.

Басқарма басшысы Ернар Ибраимовтың айтуынша, 2026 жылы дене шынықтыру және спорт саласын дамыту, жоғары жетістіктер спортының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және бұқаралық спортты кеңейту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылады.

– Жапонияда өтетін ХХ Жазғы Азия және V Пара Азия ойындарында облыс спортшыларының жоғары нәтиже көрсетуі үшін даярлық жүйесі жетілдіріліп, оқу-жаттығу жиындары мен медициналық-қалпына келтіру шараларына басымдық беріледі. Сонымен қатар Сенегалда өтетін IV жазғы жасөспірімдер Олимпиада ойындарына облыс спортшыларының лицензия иеленуін қамтамасыз ету және халықаралық жарыстарға даярлау жұмыстары күшейтіледі. Жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, спорт федерацияларымен өзара ынтымақтастықты нығайту, балалар және бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға басымдық бере отырып, өңір спортының нәтижелілігін арттыру – басты міндеттердің бірі болып қала береді, – деді Ернар Ибраимов. 

 

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар