Жамбыл облысында есірткіге қарсы жастар спартакиадасы өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 16:35
- 2
Жамбыл облысында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу керек мақсатында «Есірткісіз болашақ» атты спартакиада ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Спартакиадаға орталықта білім алып жатқан облыстың әртүрлі аудандарынан келген оқушылар қатысты.
Қатысушылар қаппен секіру, доппен эстафета, арқан тарту, секіртпемен секіру сияқты он түрлі спорттық сайыста бақ сынады. Жарыс барысында жылдамдық, ептілік және командалық бірлік маңызды рөл атқарды.
Іс-шараның ашылуында «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру орталығының директоры қатысушыларға сәттілік, әділ бәсеке және жарқын әсер тіледі.
Спартакиаданың құрметті қонағы, кикбоксингтен спорт шебері, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Жамбыл облысы ПД полиция инспекторы Талант Уралбаев жастарды спортпен айналысуға және зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Шара барысында оқушыларға есірткінің зияны мен оны таратуға байланысты қылмыстық жауапкершілік туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ кинологиялық қызмет мамандары қызметтік иттердің есірткі заттарын анықтау және қылмыскерлерді ұстаудағы әдіс-тәсілдерді көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды «Алғырлар», ІІ орынды «Жалын», ІІІ орынды «Жеңіс рухы» командалары иеленді. Жеңімпаздар кубок, медаль және сондай-ақ «Есірткісіз болашақ» деген жазуы бар естелік футболкалар мен бейсболкалар табысталды.





