Жамбыл облысында салынуы тиіс екі «Жайлы мектептің» жер мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген
- авторjambylinfo.kz
- 17 ақпан, 2024
- 535
Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қарасу ауылында 300 орындық "Жайлы мектеп" құрылысына салғырттық танытқан мердігермен келісімшарт бұзылды. Бұл туралы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов мәлім етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Айта кетейік, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев мердігерлермен кездесу өткізіп, облыс бойынша « Жайлы мектеп» жобасының іске асу барысын талқылады. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, облыста 2025 жылға дейін 9,5 мың орындық 12 «жайлы мектеп» соғу жоспарланған.
"Республикалық бюджеттен қаржы бөлінген «Жайлы мектеп» жобасы аясында Таразда 4, Байзақ ауданында 1, Жамбыл ауданында 1, Шу ауданында 2, Қордай ауданында 4 мектеп соғылады. Оның жетеуі биыл ел игілігіне беріледі. Ал, келесі жылы 5 білім ұясының құрылысы бітеді" ,- деді облыс әкімі
Айта кетейік, Samruk-Kazyna Construction компаниясы құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын бақылайды, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Сондықтан «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов тікелей байланыспен жиынға қосылып, бірқатар мердігерлердің жұмысы бойынша сын ескертпелер айтып, орындаушы тараптың сұрақтарын тыңдады. Оның айтуынша, биыл іске асатын «Жайлы мектеп» жобаларының құны 1,5 есеге өсуіне байланысты қайта қаралған. Сонымен қатар, 2 мектептің әлі күнге дейін жер мәселесі шешілмеген. Ал, Қордай ауданы, Қарасу ауылында биыл құрылысы бітуі керек болған мектепті салуда салғырттық танытқан мердігермен келісімшарт бұзылды.
"Қарасу ауылында мектеп салып жатқан «Тараз Құрылыс Инвест» мекемесінің қазір хәлі мүшкіл. Жұмыстар жүріп жатқан жоқ деуге болады. Сол үшін келісімшартты үзіп, мемлекеттік сатып алу заңы бойынша бір көзден өзге мердігермен келісім-шартқа отырамыз" ,-деді Мәулен Айманбетов
Сонымен қатар, жиында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бейсембаев құрылысы жүргізіліп жатқан мектептерге тексеріс жасау үшін хабарлама түспегенін айтып, облыс әкіміне өз ұсынысын жеткізді.
"Бұл мектептердің соғылып жатқаны жасырын емес. Сондықтан біз өзіміздің жұмысымызды бастасақ дейміз. Аудан, қала әкімдіктерінен арнайы хат алып, жауапкершілік қаралады. Сондықтан біз қала, аудан әкімдіктерінің хаттары негізінде біз хабарлама бермеген тапсырыс берушілерін әкімшілік жауапкершілікке тартып, өзіміздің қадағалауымызға алуымыз керек. Әйтпегенде салынып жатқан мектептерді көріп отырмыз. Ертең сапасына жауап беруіміз қиын болуы мүмкін",- деді Қайрат Бейсембаев
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетовтың айтуынша, кейбір мердігерлер құрылысты уағында аяқтауға құлықсыз. Сондықтан бұл жұмыстар бүгінгі күні қатаң бақылауға алынған. Айта кетейік, биыл Жамбыл облысында 6 «жайлы мектеп» салынады.
Мағжан Орынбасар
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024