бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 18:25

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысында тұрғындарды МӘМС-пен қамту  көрсеткіші қандай

Жамбыл облысында тұрғындарды МӘМС-пен қамту  көрсеткіші қандай
Сурет: jambylinfo.kz
Облыста 212 453 тұлға  сақтандырылмаған. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында айтылды, деп хабарлайды jambylinfo.kz

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ләззат Әлімованың сөзінше, бүгінгі күні облыста 1 200 000 аса адам болса, соның ішінде 288 152 тұлға сақтандырылмаған. Ал, тұрақты жұмыспен қамтылған, бірақ медициналық сақтандыру төлемдері жасалмаған тұлғалар саны 4161  адамды құрайды. Оның ішінде білім саласында, ішкі істер органдарында жұмыс істейтін азаматтар бар.

"Ресми статистикаға сүйенсек, облыста МӘМС-пен қамту 76,4 пайызға тең. Бұл салыстырмалы түрде алғанда төмен көрсеткіш. Жалпы облыс бойынша МӘМС-пен қамтылмағандар жалпы тұрғын көрсеткішінен 26,6 пайызды құрайды" ,- деді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры.

Бұл өткен жылдан басталып, 5 ай жүргізілген ақпаратандыру-түсіндіру жұмыстары кейбір аудандарда шала болғандығын білдіреді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова атап өткендей, Тараз қаласы, Байзақ, Қордай, Шу , Жамбыл аудандарында МӘМС-пен қамту төмен. Мұны ескерген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аппарат басшысы Лесбек Ілебаевқа аталған аудандардағы салаға жауаптыларға қатысты шара қолдануды тапсырды.

Сонымен қатар, Жанар Оспанова облыста МӘМС жүйесінде санаты анықталмаған адамдарға төлем жасауға 22 млрд теңге керектігін айтады. Аппарат жиынында осылай деген жауапты келер жылы аталған салада үлкен мәселелер туындауы мүмкін екендігін жеткізді. Оның сөзінше, облыста соңғы 5 айда жасалған ақпараттық түсіндіру жұмыстары кезінде сақтандыру қаржысын төлеуге мүмкіндігі жоқ  отбасының жалғыз асыраушылары, зенеткерлері көп болған. Бұған қаржы жауапты министрлік тарапынан қарастырылғанымен, санаты анықталмаған адамдарға бір жылдық төлем ретінде облыстық бюджеттен 22 млрд қарастырылуы қажет. Басқарма басшысы келер жылы күрделі мәселе тап болмау үшін аудан әкімдеріне тұрғындарды жұмыспен қамту, әлде түрлі санаттарға іліктіру арқылы аталған көрсеткішті азайту бойынша бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

"Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде санаты анықталмаған тұлғалар үшін төленетін ақша  2024-2025 жылдарға орта есеппен 22 млрд теңгені құрап отыр. Енді мұны қай қаражат көзінен төлейміз? Бұл бізге келесі жылы үлкен мәселені әкелейін деп тұр.  Сол үшін құрметті аудан әкімдері, өздеріңізде құрылған аймақтық штабтардың жұмысын қадағалап, санаты анықталмаған азаматтарымызды түгелдеп, жұмысқа тартуға немесе жұмыссыз болса жұмыссыз санатына кіргізуді сұраймыз", -  деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді назарға алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға жұмысты жандыру бойынша тапсырмалар жүктеді.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар