сейсенбі, 28 сәуір, 2026 19:56

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысында жаңа жобаның құрылысы басталды

Жамбыл облысында жаңа жобаның құрылысы басталды
Фото - Jambylinfo.kz
Өңірде 2029 жылға дейін жалпы құны 5,9 триллион теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген

Т. Рысқұлов ауданында «Gakku Qus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асыл тұқымды құсшаруашылығы бағытындағы ірі жобасының құрылысы басталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

 Ет бағытындағы құс шаруашылығын дамытуға арналған екінші санаттағы асыл тұқымды құс шаруашылығы репродукторының құрылысы Каменка ауылында жүргізіліп жатыр. Фабриканың іргетасын қалау рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Маңызды шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жұмысқа сәттілік тіледі. 

 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция – экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші екенін айрықша атап өткен болатын. Сондықтан біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше мән береміз. Облыста осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, 2029 жылға дейін жалпы құны 5,9 триллион теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Өткен жылы 21 инвестициялық жоба іске асырылып, 550 жаңа жұмыс орыны ашылды. Осы жылы құны 471,0 миллиард теңгені құрайтын 47 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның бірі ретінде бүгінгі күні құрылысы бастау алатын асыл тұқымды құс өсіру репродукторын атап өтуге болады. Бұл жоба – аймақ экономикасының жаңа сапалық кезеңге өтуінің нақты көрінісі.
Жалпы Әулиеата өңірі – ауылшаруашылығы саласында қалыптасқан дәстүрі бар, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келе жатқан өңір. Бүгінде біз өндіріс көлемін арттырумен шектелмей, саланың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге басымдық беріп отырмыз. Осы тұрғыда құс шаруашылығы – стратегиялық маңызы жоғары бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аграрлық секторды дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру және импортқа тәуелділікті төмендету – негізгі басымдықтардың бірі болып айқындалған.  Сондықтан, асыл тұқымды құс өсіру репродукторының іске қосылуы өңірді жоғары сапалы тұқымдық материалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, құс шаруашылығының өндірістік тізбегін толық қалыптастыруға жол ашады. Осы орайда, аталған жобаны жүзеге асырып отырған «Gakku Qus» ұжымына ерекше алғысымды білдіремін. Компанияның тәжірибесі мен кәсіби құзыреті жобаның табысты жүзеге асуына негіз болады деп сенемін, – деді Ербол Шырақпайұлы. 

Мұнан соң ауқымды әрі әлеуметтік маңызы бар жобаның құрылтайшысы «Әулиеата Феникс» ЖШС директоры Фарида Жүнісова сөз алып, фабриканың өңір экономикасына қосатын үлесіне тоқталып өтті.

 – Қазіргі таңда елімізде құсшаруашылығы агросектордың перспективалы әрі сұранысқа ие бағыты ретінде дербес дамып келеді. Соның дәлелі ретінде республика аумағында қарқынды жұмыс істеп тұрған жұмыртқа бағытындағы 32 және ет бағытындағы 32 құс фабрикасын атап өтуге болады. Отандық кәсіпорындар ішкі нарықтағы сұраныстың 79 пайызын жауып отыр. Сондықтан өңірдегі құс шаруашылығының әлеуетін одан әрі арттыру және шикізаттық базаны нығайту тұрғысынан бұл шараның маңызы зор. Соңғы 25 жылда елімізде құс етін өндіру көлемі 9 есе асып, 500 мың тоннаға жетті. Бұл орайда құс етін тұтыну көлемі өсіп, өнімге деген сұраныс та көбейді. Сондықтан да құс фабрикаларының өндірістік жүктемесін арттыруды жөн деп санаймыз. Қазіргі таңда еліміздегі құсшаруашылығы кәсіпорындары орта есеппен 80 пайыз жүктемемен жұмыс істеуде. Олардың өндірістік қуатын өсіру үшін шикізаттық базаны нығайту қажет. Бүгінде отандық репродукторлар қажеттіліктің тек 20 пайызын ғана өтеп отыр, ал қалған 80 пайызы импортқа тәуелділікті көрсетеді. Сондықтан құсшаруашылығындағы арнайы репродукторлардың ашылуы бұл саланы ілгерілетуге үлкен мүмкіндік береді. Инвестициялық жобаны қолдағаны үшін мемлекетке, сондай-ақ облыс әкімдігіне шынайы алғысымды білдіремін, – дейді Фарида Амансарықызы.

Игі істің бастауы ретінде жиында Қарақыстақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алпысбай Оразбаев арнайы сөз алып, жаңа жобаның сәтті болуы үшін ақ батасын беріп, игі тілегін білдірді.

Ф.Жүнісова атап өткендей-ақ осы кезге дейін елімізде инкубациялық жұмыртқа (шикізат) тапшылығы анық сезілген екен. Мысалы, өңірдегі «Әулиеата Феникс» компаниясы осы уақытқа дейін инкубациялық жұмыртқаны Түркиядан тасымалдауға мәжбүр болған. Алайда, жаңа фабриканың іске қосылуы шетелдік өнімге тәуелділікті жойып, ішкі нарықты тұрақты әрі сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік ашады деген сенім мол.

Аталмыш жоба облыстық «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,6 миллиард теңгеге және меншікті қаражаты есебінен 780 миллион теңгеге қаржыландырылыпты. Нәтижесінде жаңа 100 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазығы жаңадан қағылған кәсіпорынның жалпы қуаттылығы жылына 60 миллион инкубациялық жұмыртқа шығаруға есептелген. Құрылыстың бірінші кезеңінде Тұрар Рысқұлов ауданында жылына 10 миллион жұмыртқа өндіретін нысан іске қосылады.
Зауыттың жергілікті халық үшін маңызы зор. Мұнда жұмыс істейтін қызметкерлердің 70-80 пайызы осы ауылдың тұрғындары болады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар