дүйсенбі, 27 мамыр, 2024 17:47

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысының 85 жылдығына орай ауқымды конференция өтті

Жамбыл облысының 85 жылдығына орай ауқымды конференция өтті
Сурет: jambylinfo.kz
Жамбыл облысының 85 жылдығы мен халықаралық Тараз инновациялық институтының 15 жылдығына арналған "Ғылым және инновация – өңірді дамытудың драйверлері" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбай, сондай-ақ көршілес елдердің ғалымдары қатысты, деп хабарлайды jambylinfo.kz

Ғылыми конференция облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауымен ашылды. Ол өз сөзінде мемлекетіміздің ғылым саласына ерекше көңіл бөліп, өнертабыстың көкжиегін кеңейтуге ден қойып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ аймақ дамуы да осы саламен тығыз байланысты екенін атап өтіп, 15 жылдық тарихы бар Мұртаза атындағы ХТИИ ұжымын құттықтап, бастамаларына сәттілік тіледі.

"Жаңа технологиялар заманында ғылымды дамыту – маңызды міндет. Себебі ғылым жаһандық мәселелерді шешуде үлкен рөл атқарады. Ғылым дамуының басты күші - ғылыми зерттеу институттары мен түрлі бағытта білім беретін оқу орындары. Сондықтан да бүгінгі шараның білім мен ғылым сапасын арттыруда рөлі өте зор. Ғылым мен инновация мемлекетіміз бен өңір деңгейін арттыруға үлкен үлесі бар екені баршамызға мәлім. Бұл жұмыста ғылым қайраткерлері, қарапайым ғалымдар мен ұстаздар алдыңғы шепте",- деді Ербол Қарашөкеев

Бұдан соң Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбай Мемлекет басшысының жиынға жолдаған зор ықыласын жеткізді. Сонымен қатар, бүгінгі шараның мән-маңызы жоғары екенін айтып, мемлекет тарапынан ғылым саласын дамыту үшін жасалып жатқан нақты жұмыстарды айтып өтті.

"Біз Жаңа Қазақстанның жаңа біліммен қаруланған, озық ғылымды игерген, бәсекеге қабілетті жастарын тәрбиелеуіміз керек. Ғылыми ізденістердің нәтижесі ел экономикасы мен тұтас қоғамға пайда әкелуі тиіс. Бұл бағытта ғылыми қауымдастықтарға үлкен жауапкершілік артылып отыр. Сіздерді Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының 15 жылдығымен құттықтай келе, жалпы Президентіміздің ғалымдарға, ғылыми жобаларға үлкен мән беретінін мына мысалдан-ақ жеткізгім келеді: қазір мен секілді Президенттің 9 кеңесшісі бар. Соның бірі ретінде ғылым мен инновацияны дамыту бойынша үлкен ғалым Күнсұлу Закария қызмет етіп келеді,- деді Президенттің кеңесшісі.

Сондай-ақ Парламент мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов қазақстандық ғалымдардың жетістіктерін жіпке тізіп, құрылғанына 15 жолған институттың да бұл салаға үлес қосып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, жиында ғылым саласында қажырлы еңбек еткен бірқатар мамандар марапатталды. Жалпы конференцияға 350-ден астам адам қатысты. Жиында Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстаннан келген ғалымдар 4 бағыттағы секцияларға бөлініп, 280 баяндама жасады. Айта кету керек, конференция даму перспективаларын құру бойынша ғылыми ұсынымдар әзірлеуге, сондай-ақ ғылымды дамыту, инновацияларды жетілдіру, өңірлік даму драйверлері ретінде өзара іс-қимылды жандандыруға бағытталған. Ш. Мұртаза атындағы ХТИИ вице-президенті Махметғали Сарыбековтың сөзінше, ғалымдардың баяндамалары өңірдің инновациялық және инвестициялық әлеуетін арттыруға оң ықпал етеді.

"Ғылымның түбегейлі негізгі мақсаты – халыққа пайда тигізу. Не себептен біздің өңірде бизнес өкілдері ғылымға бет бұрған жоқ? Мысалы біз көп жағдайда ғылыми жобалар көрмесін жасаймыз. Бүгінгі шара да солай. Бизнес өкілдерін, кәсіпорын басшыларын шақырамыз. Оларға осы біздің ғылыми жобаларды көрсетеміз. Мысалы, біз бүгін аймақ басшысының қатысуын пайдаланып, біздің Жамбыл облысында жасалып жатқан ғылыми жобалары өндіріске қалай енеді, бизнес өкілдерін осы ғылыми жобаларға қалай қаратамыз, коммерцияландыру мәселесі қашан іске асады деген мәселені талқылап, нақты бір ұсыныстар жасаймыз деп отырмыз",- деді Махметғали Сарыбеков.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда Ғылым күні өтіп жатыр. Осыған орай президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысын өткізді. 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар