бейсенбі, 29 қаңтар, 2026 13:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысының ауыл шаруашылығына 84,8 млрд теңге инвестиция тартылды

Жамбыл облысының ауыл шаруашылығына 84,8 млрд теңге инвестиция тартылды
Жамбыл облысының әкімдігі
Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев облыс әкімдігінде өткен мәжілісте мәлімдеді.

2025 жылы Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласына 84,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 15 инвестициялық жоба іске асырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Оның айтуынша, өткен жылы өңірдің негізгі саласы саналатын ауыл шаруашылығын дамытуға 46,9 млрд теңге қаржы бағытталған. Мемлекеттік қолдау аясында 7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 32,6 млрд теңгеден астам субсидия төленген. Сонымен қатар қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1 мыңға жуық агроқұрылым 17,4 млрд теңге көлемінде несие алған.

Көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде облыста 514,7 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Оның ішінде егін шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2,2 пайызға, ал мал шаруашылығы өнімдері 1,9 пайызға артқан.

Атап айтқанда, тірі салмақтағы ет өндірісі 133,3 мың тоннаны құрап, 2,6 пайызға өссе, сүт өндірісі 230 мың тоннаға жетіп, 1,6 пайызға ұлғайған.

Облыстағы жалпы мал басы 3,7 млн басты құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 168 мың басқа немесе 2,7 пайызға артты. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны 441,6 мың басты құрап, 8 пайызға, қой саны 3,1 млн басқа жетіп, 4,4 пайызға, жылқы саны 197,2 мың басты құрап, 13,3 пайызға өскен. Сонымен қатар құс саны 2,3 млн басты құрап, 18,6 пайызға артқан.

Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 84,8 млрд теңгені құрады. Оның 65,8 млрд теңгесі тамақ өнімдері өндірісіне бағытталған.

Жалпы құны 28 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 108 жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, қуаттылығы 30,3 мың тоннаны құрайтын 6 көкөніс сақтау қоймасы, 2 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы, 1 мың басқа арналған тауарлы сүт фермасы, қуаттылығы 70 мың бас құс сою цехы, сондай-ақ жылына 11,6 мың тонна өнім өңдейтін 4 қайта өңдеу кәсіпорны пайдалануға берілді.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар