Жамбылда денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 13:29
- 86
Қазіргі таңда жасанды интеллект диагностика жүргізу, емдеуді жоспарлау, деректерді талдау және басқару үдерістерінде қолданылып, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік беруде. Осыған байланысты ЖИ технологияларын денсаулық сақтау жүйесіне енгізу қоғам үшін өзекті мәселелердің біріне айналды.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, өңірде медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыру, саланы цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінген.

Атап айтқанда, бюджет қаражаты есебінен медициналық мекемелерді жарақтандыруға жалпы 6,1 млрд теңге бөлінді. Оның 3,1 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, ал 3,0 млрд теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылған. Нәтижесінде 32 дана ауыр медициналық жабдық сатып алынып, денсаулық сақтау ұйымдарындағы тозу деңгейі 46,05 пайыздан 42,0 пайызға дейін төмендеді. Ал медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 92,32 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 91,9 пайызды құраған болатын.
– Жергілікті бюджет есебінен 3,6 млрд теңгеге жасанды интеллектті пайдалана отырып, қатерлі ісік ауруларының алдын алуға бағытталған рентгенологиялық зерттеулерге негізделген PACS жүйесі енгізілді. Бұл жүйе диагностиканың дәлдігі мен жеделдігін арттырып, медициналық шешім қабылдау үдерісін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Медицина кадрларының біліктілігін арттыру да басты назарда. 2025 жылы облыс бойынша барлығы 7 284 медицина қызметкері оқытылды. Оның ішінде 1 209 дәрігер және 6 072 орта буын медицина қызметкері бар. Дәрігерлердің 250-і республикалық бюджет есебінен, 187-сі жергілікті бюджет есебінен, 662-сі медициналық ұйымдар қаражаты есебінен, ал 110-ы өз қаражаты есебінен біліктілігін арттырды. Орта буын медицина қызметкерлерінің 656-сы республикалық бюджеттен, 35-і жергілікті бюджеттен, 3 824-і медициналық ұйымдар есебінен, 1 560-ы өз қаражаты есебінен оқытылды. Бұдан бөлек, 2025 жылы 15 дәрігер шет мемлекеттерде біліктілігін арттыру курсынан өтті, – деді ол.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан 2026 жылы да бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында бес медициналық нысанды күрделі жөндеуден өткізу, 2,9 млрд теңгеге магниттік-резонанстық томография, ангиограф және компьютерлік томография аппараттарын сатып алу бар. Сонымен бірге, жасанды интеллект арқылы бас миы инсультін автоматты диагностикалайтын «Cerebra» жүйесін енгізу, қашықтан медициналық қызмет көрсетуге және диагноз қою мен емдеуді оңтайландыруға мүмкіндік беретін Emdeu AI телемедициналық платформасын іске қосу көзделіп отыр.

Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері мен жасанды интеллект арқылы басқарылатын смарт-бейнежетондарды енгізу жоспарланған. Сондай-ақ «Amanat» партиясының «Цифрлық қоғам» жобасы аясында диспансерлік есепте тұрған азаматтардың рецепттерін бақылауға және тегін дәрі-дәрмектерді уақытылы алуына мүмкіндік беретін «Әлеуметтік әмиян» жобасын іске асыру қарастырылуда.
«Cerebra» инсультті автоматты диагностикалау жүйесін Жамбыл облыстық ауруханасына, қалалық көпбейінді аурухана мен консультативтік-диагностикалық орталыққа, Шу қалалық ауруханасына, сондай-ақ Қордай, Талас және Т.Рысқұлов аудандық ауруханаларына енгізу жоспарланған. Сонымен қатар №5 және №7 қалалық емханаларда ұлттық скринингтік бағдарламалар туралы ақпарат беру және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жасанды интеллекті бар дауыстық көмекшілер орнатылады.
Өтініштерді орталықтандыру мақсатында аталған емханаларда «CALLBOX» кешенді аналитикалық экожүйесін пилоттық режимде іске қосу, сондай-ақ Францияның C3 Medical компаниясының қолдауымен және «Total Energy» ЖШС-мен бірлесіп, Мойынқұм ауданындағы шалғай ауылдық елді мекендерде телемедицина құрал-жабдықтарын енгізу көзделген.
Бұдан бөлек, Жамбыл облыстық жедел жәрдем стансасының «Көмек» автоматтандырылған басқару жүйесін Yandex қосымшасымен интеграциялау және фельдшерлердің қауіпсіздігін арттыру үшін оқиғаларды нақты уақыт режимінде тіркейтін смарт-бейнежетондар жобасын іске асыру жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда, аталған шаралар өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыруға, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға және тұрғындардың қауіпсіз әрі қолжетімді медициналық көмек алуына бағытталған.





