Жамбылда тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы арта түскен
- авторМағжан Орынбасар
- 6 қазан, 2024
- 285
Жамбыл ауданында денсаулық сақтау саласы жыл сайын қарқынды дамып, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы да артып келеді. Аудандағы 35 денсаулық сақтау нысаны халықтың денсаулығын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Аймақтағы халық саны 88 336 адам болса, 67 491-і аудандық орталық ауруханаға тіркелген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ауруханада 913 қызметкер еңбек етсе, 99-ы дәрігер, ал 468-і орта буын медициналық қызметкер. Дегенмен ауданның медицина саласында кадр тапшылығы мәселесі бар екені байқалады. Ауруханаға инфекционист, реабилитолог, балалар неврологы, онколог, УДЗ маманы, травматолог және акушер-гинеколог сияқты мамандар қажет.Бұл көрсеткіштер аудандағы денсаулық сақтау инфрақұрылымының жақсарып жатқанын, бірақ маман тапшылығы сияқты түйінді мәселелердің әлі де бар екенін көрсетеді.
– Биыл орталық емханаға және екі ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға шақалақтарға қолдануға арналған «Билитест» аппараты сатып алынды. Бұл құрылғы нәрестелердегі сарғаюды бақылауға арналған. Сондай-ақ материалдық-техникалық базамыз эндоскопқа арналған жуғыш-дезинфекциялаушы машинамен толықты. Бұрын эндоскоп аппаратын қолмен залалсыздандырсақ, енді санитарлық нормаларға сай инфекция қатерін төмендететін машинаны пайдаланамыз. Сол сияқты аудио-смарт аппараты, тонометр, лаборатория жабдықтары алынды. Сонымен қатар осы жылы 1 дерматовенеролог-дәрігері, 2 реаниматолог және 2 жалпы тәжірибе дәрігері секілді 5 жас маман жұмысқа орналасты. Осы жылы бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мекемелеріне тұрғындардың келу саны – 151 004 болса, 1 тұрғынға шаққанда келу саны 2,2-ні құрайды. Медициналық көмекке жүгіну себептерін тарқатып айтсақ, 77 926 тұрғын аурушандық бойынша мекемеге қайырылса, 63 795 тұрғын алдын ала тексеруден өткен. Сол сияқты 9 283 емделуші дәрігер мамандарды үйлеріне шақыртқан. Осы жылы ауданымызда 153 азамат қайтыс болып, жалпы өлім[1]жітім көрсеткіші 2,2 пайызды құрады. Сондай-ақ 522 сәби өмірге келіп, туу көрсеткіші 1 мың тұрғынға шаққанда 7,7 пайызды құрады. Айта кетерлігі, 2023-2024 жылдары ана өлімі тіркелмеген. Халықтың табиғи өсімі 1 мың тұрғынға шаққанда 5,5 пайызды құрады. Қатерлі ісіктерден болатын аурушаңдықтың 30 жағдайы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 6 жағдайға төмендеген. Қатерлі ісікті ерте 1-2 сатысында анықтау бойынша биылғы 5 айда 9 емделушіге уақытылы көмек көрсетілді. Сол секілді қатерлі ісіктің асқынған IV сатысында шалдыққан 7 адам бар. Сол үшін де бізге шұғыл түрде онколог дәрігер керек. Қатерлі ісік ауруларынан қайтыс болған науқастар саны – 26, көрсеткіш – 38,1 пайыз. Былтыр қатерлі ісікпен 23 адам тіркеліп, көрсеткіште өсім байқалды, – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Мәуленов.
Жамбыл ауданында сондай-ақ денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасын табуда. Ауданда УДЗ, флюорографиялық аппарат, ЭКГ секілді заманауи құрылғылармен жабдықталған бір жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетеді. Медициналық кешенде невропатолог, хирург, кардиолог, УДЗ дәрігері, рентген-лаборант және медбикелер қызмет атқарады. Бұл ауылдық жерлерде медициналық көмекке қолжетімділікті айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар 2022 жылы Шайқорық ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып, 2023 жылы пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны – 219 160,0 мың теңге. Сондай-ақ Жаңаөткелдегі медициналық пункттің де құрылысы 2023 жылы аяқталып, биыл халыққа қызмет көрсетуде.
Оның құны 105 161,0 мың теңгені құрады. Жоспарланған құрылыс нысандары арасында 2024 жылы Тоғызтарау және Қостөбе ауылдарындағы медициналық пункттердің, Қаратау ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бар.2025 жылы Шоқай және Бәйтерек ауылдарында медициналық пункттердің, Құмтиын ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жоспарлануда. 2026 жылы Қоңыртөбе және Қапал ауылдарында да медициналық пункттер салынады деп күтілуде.
Сонымен бірге «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында аудандық ауруханаларда «ДамуMed» медициналық ақпараттық жүйесі енгізілген, бұл жүйенің қамтылу көрсеткіші 100 пайызды құрайды. PACS жүйесі арқылы рентген кескіндері науқастың электрондық паспортына жүктеліп, науқастардың денсаулығын бақылау мен емдеу процесі оңтайландырылған.Жамбыл аудандық ауруханасы алдағы жылдарға бірнеше жоспар қойған. Ақ халаттылар нәресте өлімі деңгейін төмендету, ана өліміне жол бермеу, онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау сынды міндеттерді басты мақсат етіп, нақты іске көшпек.
«ImmuniGuide» медициналық стартабы – отандық ғалымдар әзірлеген және иммундық жүйенің жағдайын бағалауға арналған бірегей платформа. Жобаның инновациялық сипаты иммунитеттің күйін жалпы қан талдауы арқылы кешенді түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өнім алғаш рет онкологиялық клиникада сәтті енгізіліп, өз тиімділігін көрсетті.
Жобаның негізгі мақсаты – халыққа тегін әрі қолжетімді скрининг ұсыну. «ImmuniGuide» платформасы жалпы қан талдауының нәтижелеріне сүйене отырып, иммунологиялық мәліметтерді кең ауқымда талдайды. Платформа жасырын инфекцияларды анықтап, ағзаның ауруларға, вакциналарға, физикалық жүктемелер мен стресске қалай әсер ететінін бақылайды. Сонымен қатар, қосымша иммунитетті нығайту және оны дұрыс қалыпта ұстау бойынша нақты ұсыныстар береді.
Жобаның авторлары – Нұрлыбек Өдербаев пен Игорь Понамарев. Нұрлыбек Өдербаевтың айтуынша, жобаның алғашқы идеясы 2016 жылы пайда болған. Сол уақыттан бері 8 жыл бойы команда табанды еңбектеніп, жобаны жетілдірумен айналысып келеді. Осы уақыт ішінде 4 авторлық құқық алып, сауда маркасын тіркеп, платформа құрылымын қайта қарап, оған жасанды интеллектіні интеграциялаған. 2023 жылдың шілде айында бұл өнім өндіріске енгізіліп, қазіргі уақытта оны қолданатын клиникалар мен емханаларда жоғары нәтижелер байқалуда. Платформаның ұсынған талдау нәтижелерінің дәлдігі орта есеппен 98,7 пайызды құрайды, бұл ғылыми зерттеулермен расталған.
Платформаның басты ерекшелігі – медициналық деректерді жоғары жылдамдықпен, дәлдікпен өңдей алатын жасанды интеллект, бұл егжей-тегжей жекелендірілген есептерді кез келген тілде ұсынуға мүмкіндік береді. Нақты және дәл нәтижелер беру арқылы «ImmuniGuide» иммундық жүйенің жағдайын жедел анықтап, алдын алу шараларын уақытылы жүргізуге септігін тигізеді.
Бұл стартаптың халықаралық аренада да әлеуеті жоғары. Жоба шетелдік нарыққа шығуға дайын. Мәселен бүгінгі таңда Малайзияда платформаны сынақтан өткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Жоба жетекшілері алдағы уақытта платформаның қолдану аясын кеңейтуді жоспарланып отыр.
Жалпы «ImmuniGuide» сияқты медициналық платформалар шетелдерде де кеңінен қолданылады. Әлемнің көптеген елдерінде денсаулық сақтау саласында инновациялық технологияларды енгізу белсенді түрде дамуда. Мысалы, АҚШ-тағы «Zocdoc» платформасы медициналық қызметкерлер мен пациенттерді байланыстырады. Сондай-ақ диагностика мен емдеу үшін онлайн платформаларды қолдануды қамтамасыз етеді.
COVID-19 пандемиясы кезінде де көптеген елдерде телемедицина платформаларының қолданылуы артты. «Teladoc Health» (АҚШ), «Doctor on Demand» (АҚШ) және «Babylon Health» (Ұлыбритания) сияқты компаниялар қашықтан медициналық кеңестер мен диагностика ұсынатын платформаларды әзірледі.
Бұл мысалдардан көріп отырғанымыздай , шетелдерде инновациялық медициналық шешімдер мен платформалардың кең спектрі қолданылуда. Мұндай жобалар халықтың денсаулығын жақсартуға, аурулардың алдын алуға, диагностиканы жеңілдетуге және емдеу процесін тиімдірек етуге ықпал етеді.
«Күнтізбе»: Оқушылар күзгі каникулда неше күн демалады
Ұқсас жаңалықтар
«Тараздағы митинг». Әкімдік ресми мәлімдеме жасады
- авторМағжан Орынбасар
- 12 желтоқсан, 2024
«Тәуелсіздік - елімнің ерлік жолы» тақырыбында поэзия марафоны өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 11 желтоқсан, 2024