дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 8:24

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылдағы агроөнеркәсіп кешенінде 16 инвестициялық жоба іске асырылады

Жамбылдағы агроөнеркәсіп кешенінде 16 инвестициялық жоба іске асырылады
фото - ашық дереккөзден
Жобалардың құны - 14,6 миллиард теңгені құрайды

Жамбыл облысының агроөнеркәсіп кешенінде 2024 жылы 14,6 миллиард теңгеге 16 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Осылайша  жоспар бойынша осы жобалар арқылы 234 жұмыс орнын құру көзделген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Облыста ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 200-ге жуық кәсіпорын тіркелсе, 160-ы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорындарда 2,5 мыңнан аса адам жұмыс орындарымен қамтылыпты. Тарқата айтсақ, кәсіпорындардың 62-сі наубайхана болса, 44-і бөлке нан пісіреді. 44 ет өнімін, 27 сүт өнімін, 8 астықты терең өңдейтін кәсіпорын ырғақты жұмыс істеуде. Сонымен қоса 8 макарон, 5 құс етін, 4 мақсары майын, 2 жүн-теріні, 2 қант қызылшасын өңдейтін кәсіпорын және 1 жұмыртқа өндіретін фабрика бар.

Облыс бойынша сыйымдылығы 300 мың тоннаны құрайтын 113 қойма жұмыс істеп тұрса, оның ішінде 4,7 мың тоннаны құрайтын 7 қойма жеміс-жидек сақтауға арналған екен. 9,5 мың тоннаны құрайтын 10 қойма картоп сақтауға лайықталған. Көкөніс сақтау қоймаларын «Көкөністер мен жемістерді сақтау қызмет түрі бойынша ұлттық статистика бюросына тіркеу жұмыстары жүргізіліп, 113 көкөніс сақтау қоймасы толығымен тіркеліпті. 2024 жылы мамыр айында Қордай ауданындағы «Азия сад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыйымдылығы 5,6 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймасын іске қосқан екен.

2023 жылы сыйымдылығы 4 мың тоннаны құрайтын 2 көкөніс сақтау қоймасы іске қосылса, олар Байзақ ауданындағы «Тазабек Досжан» және «Байжанова» шаруа қожалықтарына тиесілі. Жол картасы аясында сыйымдылығы 35 мың тонна құрайтын, 6,2 миллиард теңгеге 2 көкөніс сақтайтын қойма ашылыпты. Ол Тараз қаласындағы «ОРЦ Тараз» ЖШС-ның сыйымдылығы 15 мың тоннаны, Шу ауданындағы «Матышев» жеке кәсіпкерлігінің 20 мың тонна болатын қоймасы.

– Агроөнеркәсіп кешенінде 2024 жылы 14,6 миллиард теңгеге 16 инвестициялық жоба іске асырылады. Жоспар бойынша осы жобалар арқылы 234 жұмыс орнын құру көзделген. Бүгінгі күні 9 жоба Жамбыл, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында жүзеге асырылды. Құны 10 миллиард теңгені құрайтын бұл жобалардың біреуі инкубатор, тағы бірі мақсары майын өндіру, біреуі балықшаруашылығы, келесі бірі астық сақтау қоймасы, бесеуі су үнемдеу технологиялары жобасы. Мұнда 124 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату жобасы бойынша республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қаржы қаралған болатын. Бөлінген қаржыға 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 118 жұмыс орны құрылмақ. Осы жобалардың ішінде өңірімізге қажеттісі іске асырылуда. Мысалы, оның қатарында ауылшаруашылық жануарларының жүн-терісін қайта өңдеу арқылы құрама жем мен тыңайтқыштар шығару, тауықтың қиынан биогумус өндіру, алма шырынын өңдеу, картоптан фри жасау, пиязды кептіру, көкөніс сақтау қоймалары және сүт-тауары фермалары бар. Оның ішінде 13 жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады. 3 сүт-тауарлы фермасы, 6 көкөніс сақтау қоймасы, 1 су үнемдеу қондырғысы, 1 балықтарға арналған жемшөп өндірісін ұйымдастыру мақсатында ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу цехы іске асырылмақ. 1 тыңайтқыштар өндірісін ұйымдастыру мақсатында тауық қиы және қой жүнін терең өңдеу, 1 алма шырынын өндіру қолға алынған. 2 жоба жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Оның бірі фри картоп өнімдерін өндіру, екіншісі ауылшаруашылық жануарларының жүн-терісін қайта өңдеу бағытында жұмыс істейді. Бүгінгі күні 7 жоба сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы қаржыландырылып, 5 миллиард теңге игерілді. «Кәусар» шаруа қожалығының көкөніс сақтау қоймасы 100 миллион теңгеге, «TRZ Agro» ЖШС-ның көкөніс сақтау қоймасы 995,2 миллион теңгеге, «ALIZA» ЖШС-ның көкөніс сақтау қоймасы 500 миллион теңгеге қаржыландырылды. «Нұрлыжай» шаруа қожалығының 600 басқа арналған сүт-тауарлы фермасы үшін 700 миллион теңге, «Тараз-ЦементСтрой» серіктестігінің көкөніс сақтау қоймасына 500 миллион теңге, «Аймкуль» жеке кәсіпкерлігінің көкөніс сақтау қоймасына 250 миллион теңге, «Момбек» шаруа қожалығының 612 басқа арналған сүт-тауарлы фермасына 2 миллиард теңге бағытталды. Қалған 8 жобаны несиелендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді Ә.Желеубаев.

Облыста «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2023 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 24,1 миллиард теңге бөлініп, 38 ауылдық округтен 4 076 жоба несиелендіріліпті. 23,4 миллиард теңгеге 152,2 мың мал сатып алуға 4 012 несие берілген екен. Құрылған 38 кооперативке жергілікті бюджет есебінен 1,4 миллиард теңгеге 183 ауылшаруашылық техникасы лизинг жүйесімен үлестірілген. Ауылды елді мекендерде өз кәсібін ашу бағытында 317,5 миллион теңгеге 43 жоба қаржыландырылыпты. Құрылған жеке кәсіпкерлерді есептей отырып, 4 152 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Несие қайтарылымы 99,6 пайызды құраған.

Облыс әкімі қыркүйек айында берген брифингте аталған жобаның тиімділігіне тоқталған.

  • «Ауыл аманаты» жобасы өз тиімділігін көрсетті. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдауға және ауыл халқын кәсіпкерлікке тартуға бағытталған бағдарлама жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл халқының табыс көзіне айналды. 2023 жылы 25,5 млрд теңге бөлініп, 4076 жоба қаржыландырылды, бағдарламамен 51 ауылдық округ қамтылды. Оның ішінде 152,2 мың бас мал мен 65 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу қаржыландырылды. 2024 жылдың соңында біз республикалық бюджеттен 10,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуді күтеміз, оларға кемінде 1200 жоба қаржыландырылады. Биылдан бастап біз шағын орта бизнесті, мәселен құрылыс цехтарын, кондитерлік цехтарды, тігін цехтарын, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша шағын цехтарды дамытуды қаржыландыруға көңіл бөлеміз. Несиелер жылдық 2,5 пайызбен, 7 жылға дейінгі мерзімге жеке кәсіпкерге 9,5 млн. теңгеге дейін, кооперативке 29,2 млн. теңгеге дейін беріледі. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың мамыр айында ауыл шаруашылығы техникасын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 600 млн теңге бөлініп, 89 бірлік техника сатып алынды,- деген аймақ басшысы.

Жоба аясында 2024 жылға 10,5 миллиард теңге қарастырылған екен. Бұл қаржыға 1 200-ге жуық несие беру көзделген. Биыл мал сатып алу жобаларын қоспағанда, ауылшаруашылығы және одан тыс кәсіпкерлікті дамыту, ауылшаруашылығы кооперативтерін қаржыландыру жоспарланған көрінеді. Жобалар толық іске асырылғанда жаңадан 10 мыңнан аса жеке кәсіпкер тіркеледі деп күтілуде. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 19 мыңнан астам адамға төмендейді, нәтижесінде бюджеттік үнемдеу жылына 1 миллиард теңгені құрайды деген болжам бар. Осы кезеңде 10 мыңға жуық жеке кәсіпкерлік ашылады және мультипликативтік әсерінің нәтижесінде тұрғындардың табысын арттыруға, өндірістің, салықтық түсімінің ұлғаюына және басқа да салаларға оң әсерін тигізеді деп жоспарлануда.

Одан бөлек жеке қосалқы шаруашылықтарды малмен қамтамасыз ету мақсатында ірі шаруашылықтар арқылы «тауарлы несиелендіру» жобасы іске асырылады екен. Аталған жобаның толық ережелері, тараптардың міндеттері, басқа да шаруашылық-құқықтық қарым-қатынастар қарастырылып, операторлардың тізімдері анықталып жатқан көрінеді. Облыс бойынша 401 ауылшаруашылығы кооперативі болса, оның 62-сі «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған. Олардың дені аудандағы ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар