Жамбылда құқық бұзушылықтың алдын алу үшін электрондық бақылау жүйесі енгізілді
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 16:15
- 35
Жамбыл облысында құқық бұзушылықтың алдын алу цифрлық технологиямен күшейтілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі тапсырмасы аясында елімізде пробация қызметінің жұмысына заманауи цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл бағыттағы реформалардың тиімді жүзеге асуына жергілікті атқарушы органдар айтарлықтай үлес қосып отыр.
Қазіргі таңда сотталғандарды қоғамнан оқшауламай-ақ қайта тәрбиелеу және құқық бұзушылықтың алдын алу ісінде электрондық бақылау жүйесі маңызды рөл атқаруда.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға кесілген 3110 адам пробация қызметінің есебінде тұр. Оның ішінде 131 тұлғаға электрондық бақылау құралдары қолданылған. Нәтижесінде заманауи құрылғылардың көмегімен жаза өтеу тәртібін бұзудың 45 дерегі анықталды.
GPS навигациясы арқылы жұмыс істейтін электрондық білезіктер сотталған адамның жүрген жері туралы ақпаратты мониторинг орталығына тәулік бойы жеткізіп отырады. Бұл өз кезегінде үздіксіз бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.
Аталған жүйе қайта қылмыс жасау қаупін азайтып қана қоймай, жазасын өтеушілердің жұмыс істеуіне, отбасымен байланысын үзбеуіне және қоғамға бейімделуіне оң әсерін тигізеді.
Пробация қызметінің материалдық-техникалық базасын цифрландыру арқылы нығайту өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып отыр. Әкімдік пен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы облыс аумағындағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсетеді.





