Жамбылдағы өңдеу өнеркәсібінде құрылымдық өзгеріс: Химия секторы басым бағытқа айналды
- авторСадуақас Айсұлу
- 19 тамыз, 2025
- 467
Алты ай ішінде аталған салада 401,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 115,4 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өңір экономикасында өңдеу өнеркәсібінің жетекші рөл атқарып отырғанын дәлелдейді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жалпы өндірілген өнім көлеміндегі өңдеу саласының үлесі 64 пайызға жетіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жоғары көрсеткіш облыста өндірістің құрылымдық жағынан нығая түскенін көрсетеді. Өңдеу өнеркәсібінің ауқымды үлесі аймақтың индустриялық-инновациялық дамуының нақты нәтижесі саналады.
Саланың құрылымына көз жүгіртсек, ең көп үлесті химия өнеркәсібі алып отыр. Оның үлесі жалпы өңдеу саласында 45,5 пайызды құрады. Одан кейінгі орындарды 17,5 пайызбен тамақ өнімдері өндірісі және 13,8 пайызбен металлургия өнеркәсібі иеленді. Сондай-ақ, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі 10,6 пайызға жеткен.
Ал үлесі ең аз салалар қатарында мұнай өнімдерін өндіру (4,7%), машина жасау (2,5%), дайын металл бұйымдарын өндіру (0,8%) және жеңіл өнеркәсіп (1%) бар. Дегенмен, бұл бағыттардың да алдағы уақытта даму әлеуеті зор екені атап өтілуде. Мамандардың пікірінше, осы салаларға инвестиция тарту өңір экономикасын одан әрі әртараптандыруға мүмкіндік береді.





