Жамбылдық қаржыгерлерге құрмет көрсетілді
- авторМағжан Орынбасар
- 14 қараша, 2025
- 178
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен «Ұлттық теңге – тәуелсіздігіміздің жемісі» атты жиында экономикада тұрақты өсімді қамтамасыз етуде аянбай еңбек еткен қаржы саласының ардагерлері мен бүгінгі таңда қызу тірліктің бел ортасында жүрген қаржыгерлерге құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде ұлттық валютамыз айналымға енген күннен бастап қаржы саласының мамандары хал-қадірінше ел еңсесін тіктеу үшін еңбек еткенін атап өтті. Оның айтуынша, төл теңгеміздің тарихы Тараздан басталуы – бүкіл әулиеаталықтардың кеудесінде мақтаныш сезімін ұялатады.
– 1993 жылы Кеңес өкіметі кезеңінде қолданыста болған рубльден бас тартып, бір аптаның ішінде төл теңгемізді айналымға енгізу жөнінде шешім қабылданды. Осы іске бүгінгі сала ардагерлері аянбай күш-жігерін жұмсап, жауапкершілік жүгін арқалады. Нәтижесінде, қазіргі таңда қаржы саласы бір ізге түсіп, ел экономикасы қарыштап даму үстінде. Жыл өткен сайын бюджеттің салықтық түсімдері ұлғайып, кіріс көлемі арта түсуде. Ал осындай табыстарға жетуімізде өз ісіне шынайы берілген білікті мамандар мен қаржы саласының ардагерлерінің мол үлесі бар. Жалпы, Англияда басылған төл теңгеміз Ұлттық банктің облыстағы филиалына жеткізіліп, Жамбыл жерінен таралды. Ұлттық валюта күні қарсаңында әлеуметтің әлеуетін көтеруге ықпал еткен қаржы саласының ардагерлері мен майталман мамандарға алғысымды білдіргім келеді, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары бірқатар қызметкерлерге лайықты марапаттарын табыс етті.
Бұл күні қаржы саласының өкілдеріне Қаржы министрінің «Құрмет грамотасы», «Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері» атағы мен «Еңбек ардагері» медалі, «Қаржы қызметінің төсбелгісі» және «Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі табыс етілді. Бұдан бөлек сала ардагерлері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына және облыстық мәлихаттың Құрмет грамотасына ие болды.
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025





